90 отбасы баспаналы болды

Бүгін, 15:00 / Túrkіstan IPW

Қызылорда – жаңа кезеңге құлаш ұрған қала. Шаһардың шынайы дамуын әйгілейтін құрылыстың соны серпіні сол жағалаудың өзінен де байқалады. Мұнда санаулы жылда 169 нысан бой көтерген, оның 136-сы көпқабатты тұрғын үй. Бүгінде жаңа шағын аудан тұрғындарының саны 25 мыңнан асты. Халыққа жайлы орта қалыптастыру мақсатында 20 әлеуметтік, 13 ірі бизнес нысаны бой түзеп, ел игілігіне қызмет етуде. Осы күндері тағы 48 ғимарат салынып жатыр. Ал сол жағалауға өтетін төрт жолақты жаңа көпір құрылысы – жоспардағы үлкен жоба. 

Жуырда ғана қаланың сол жағалауында тағы бір қоныс тойы болды. Бұл жолы екі көпқабатты тұрғын үйдің 90 пәтері әлеуметтік отбасыларға табысталды.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жаңа қоныс иелерін құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қолжетімді баспана – арман емес, біздің азаматтарымыздың алдындағы міндетіміз», – деген болатын.
Бұл бағытта Сыр өңірінде байыпты бастамалар сәтті жүзеге асуда. Тұрғындардың әл-ауқатын арттыру үшін жайлы баспанамен, әлеуметтік нысандармен қамту жүйелі жолға қойылған. Бүгін кезекте тұрған жерлестерімізге аумағы 7 мың шаршы метрден асатын 90 пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстаудамыз. Алдағы уақытта да шаһардың ажарын айшықтайтын заманауи үлгідегі тұрғын үйлер бой көтереді, – деді облыс әкімі.
Салтанатты сәтте ел ағасы Бақберген Досманбетов сөз сөйлеп, тұр­ғын үйді салған құрылысшылар облыс әкімінің алғыс хатымен мара­патталды.
Айта кетейік, кейінгі төрт жылда тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға 8 мыңға жуық пәтер беріліп, 30 мыңнан астам қызылордалық баспаналы болған. 2026-2027 жылдары 6 200-ден астам пәтер табысталып, 25 мыңға жуық тұрғынның баспана мәселесін шешу жоспарланып отыр. 

Қуат ӘБІШ

Тэгтер:

Отбасы Баспана