Хромтау: моноқаланың жаңа келбеті

Бүгін, 14:15 / Túrkіstan IPW

2025 жылы Хромтауда инфра­құры­лым­ды дамыту бойынша жолдарды жөндеу, тұр­ғын үй қорын жақсарту, көгалдандыру жә­не абаттандыру бағытында біраз жұмыс жүр­­гізілген. Хромтау әкімдігінің мәліме­тін­ше, 2026 жылы да жол жөндеу, тұрғын үй құрылысы, су желілерін дамыту және әлеу­мет­тік нысандарды жаңғырту жоспар­ла­нып отыр. 

Хромтаудың тарихын оның өн­ді­рі­сі­нен бөліп қарау мүмкін емес. Қа­ла тіршілігінің ырғағы жылдар бойы кен өн­дірісімен бірге қалыптасты. Мұнда талай от­басының тағдыры өндіріс орындарымен ас­тасып, еңбекшілер дәстүрі ұрпақтан-ұр­паққа жалғасып келеді. Жиырма жылдан ас­там уақытын кен өндірісіне арнаған хром­таулық Әділхан Сэрээтэрдің еңбек жолы – соның бір мысалы. 
ERG құрамындағы «Қазхром» трансұлт­тық компаниясы» АҚ филиалы Дөң кен байыту комбинатының қызметкері кәсіби ме­рекесі қарсаңында  ІІІ дәрежелі «Кенші даң­қы» төсбелгісімен марапатталды. Бұл ма­рапат оған XVI Халықаралық Astana Mining & Metallurgy тау-кен металлургиясы конг­ресі аясында өткен «Алтын Гефест» ұлт­тық салалық байқауы шеңберінде Қа­зақ­­стан Республикасы Өнеркәсіп және құ­ры­лыс министрлігінің атынан табыс­талды. 
Әділхан Сэрээтэр еңбек жолын бекіту ма­териалдарын жеткізуші болып бастаған. Бүгінде ол «Молодежная» шахтасында жаб­дыққа қызмет көрсету және жөндеу жө­нін­дегі 5-разрядты слесарь болып жұмыс іс­тейді. Өндірістің жауапты учаскелерінде  жиырма жылдан астам уақыт абыройлы ең­бек еткен маман үшін бұл марапаттың ор­ны бөлек. 
– Төбем көкке жеткендей болды. Жо­ға­ры марапатқа ие болғаныма өте қуа­ныш­тымын. Еңбегімнің бағаланғанына отбасым да, әріптестерім де, бірге жүрген достарым да қуанып жатыр. Осындай құрметке лайық деп таныған азаматтарға алғысымды біл­діремін, – дейді ол. 
Биыл еңбек жолын аяқтап, зейнет де­ма­лысына шыққалы отырған Әділхан Сэрээтэр үшін бұл марапат – жылдар бойы жи­нақталған тәжірибе мен қажырлы ең­бектің, кәсібіне деген адалдық пен жауап­кер­шіліктің бағалануы. 
Бір қарағанда, бұл – бір адамның еңбек жо­лы. Ал әріден қарайтын болсақ, оның ар­тында  Хромтаудың тұтас өндірістік та­ри­хы тұр. 

Еңбек адамына жайлы қала

Қазақстандағы моноқалалардың тағ­дыры көбіне ондағы  негізгі өндіріс орны­ның жағдайына тәуелді. Экономикасы бір ғана салаға қараған қалада жұмыс орны қыс­қарып, тұрғындар басқа өңірлерге кө­шуі мүмкін. Тап осындай тенденция Қа­зақ­стан­дағы моноқалалардың кейбірінен бай­қалады.  
Finprom.kz дерегіне сүйенсек, 2012 жыл­дан бері Жаңаөзендегі халық саны 22,7 пайызға, Лисаковскіде 15,6 пайызға, Рид­дерде 11,7 пайызға азайған. Ал осы кезеңде Хром­тау тұрғындарының саны керісінше 22,8 пайызға көбейіпті. Бұл – Қазақстандағы моноқалалар арасындағы ең жоғары өсім. 
Халық санының мұндай динамикасы кез­дейсоқ қалыптаспайды. Оның ар­тында жұмыс орындары, өндіріс көлемі, тұрғын үй, кәсіпкерлік, білім алу мүмкіндігі және адамдардың сол жерден өз болашағын көре алуы секілді бірнеше фактор бар. 
Әділхан Сэрээтэрдің жиырма жылдан ас­там уақыт бойы өндірісте еңбек етуі – тұ­рақтылықтың көрінісі болса, тағы бір хром­таулық Рада Құлсаринаның кәсіп бас­тауы моноқалада мүмкіндіктің мол ек­енін аң­ғартады. 

Бір қаладағы екі адамның еңбек жолы

41 жастағы Рада Құлсарина – төрт ба­ла­ның анасы. Ол 2023 жылы Хромтауда хи­­миялық тазалау қызметін көрсететін кә­сіп ашқан. Қазір шағын кәсібін дөң­ге­ле­тіп отыр. 
– Кәсіп бастауыма туыстарымның кеңе­сі себеп болды. Олардың облыс орта­лы­ғы Ақтөбеде химиялық тазалау орта­лық­тары бар еді. Солар жол көрсетті. Хром­тауда мұн­дай орын жоқ болғандықтан, бірден кірісіп кет­тім, – дейді Рада. 
Кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмақ емес Алда шаруасын кеңейтіп,  кілем жуатын ор­талық ашқысы келеді. Рада Хромтауда өмір сүрудің жанға жайлы екенін айтады.  
– Хромтаудан ешқайда көшетін ойым жоқ. Қайта қаламыздың өркендей түскенін қа­лаймын, – дейді ол. 
Адамның бір қалада тұрақтап қалуы үшін тек жалақысы бар жұмыс жеткіліксіз. Ол жерде кәсіп бастауға, бала-шағасын өсіру­ге, үй алуға, кәсіби дамуға және бола­ша­­ғын жоспарлауға мүмкіндік болуы ке­рек. 
Раданың химиялық тазалау орталығын  ашуы – осындай экономикалық белсен­ді­лік­тің шап-шағын, бірақ маңызды көрінісі. Соның арқасында бір кездері Хромтауда болмаған қызмет түрі пайда болды. Ертеңгі күні Рада кәсібін кеңейткен жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылуы мүмкін. Демек, Хромтаудың экономикасы тек ірі өндіріс орын­дарымен ғана өлшенбейді. 

Өнеркәсіптен – жаңа экономикаға

Хромтау үшін тау-кен өнеркәсібі әлі де негізгі тірек болып қала береді. Бір­ақ қаланың ұзақмерзімді тұрақтылығы эко­номиканың басқа бағыттарының да қаншалықты дамитынына байланысты. 
2025 жылдың қортындысы бойынша Хромтау ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі 721,8 млрд теңгені құраған. Оның не­гізгі үлесі тау-кен өндірісіне тиесілі бол­ғанымен, өңдеу өнеркәсібіндегі өнім кө­лемі де 26,6 млрд теңгеге жеткен. 
Былтыр аудан экономикасына 340 млрд теңге инвестиция тартылып, 153 жаңа жұ­мыс орны ашылған. Сонымен қатар Қытай компанияларымен жалпы қуаты 400 МВт болатын жел электр стансаларын салуға ірі ин­вестициялық келісім жасалған. 
Бұл жерде маңыздысы – инвестиция кө­лемі ғана емес, экономиканың жаңа ба­ғыт­қа бет бұруы. Өнеркәсіптік қаланың бо­лашағы үшін өңдеу өндірісін дамыту, қал­дықты қайта өңдеу, энергетика, қызмет көрсету, логистика және шағын кәсіпкерлік секіл­ді салалардың үлесін арттыру қажет. 
Мұндай жобалардың алғашқы нәти­же­лері де бар. Мәселен, 2025 жылы іске қо­сыл­ған ERG Green флотациялық учаскесі өн­дірістік қалдықтан хром алуға бағыт­тал­ған. Ал «Хромтау» жел электр стансасы жаңар­тылатын энергия көздерін дамытуға жол ашады. 
Яғни, Хромтаудың өндірістік келбеті бір­тіндеп өзгеріп келеді. Дәстүрлі тау-кен өн­дірісінің жанына қайта өңдеу, жаңар­ты­латын энергия және басқа өндірістер қо­сы­луда. 

Кәсіпкерлерге жол ашқан қала

Халық саны өсіп отырған қала үшін ша­ғын және орта бизнестің маңы­зы ерекше. 2025 жылы Хромтау ауданында шағын және орта бизнестің 104 жобасына 4,3 млрд теңге көлемінде қолдау көрсе­тіл­ген. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің үлесі 96,6 пайызға жеткен. 
Бұл көрсеткіштердің артында Рада Құл­сарина секілді нақты кәсіп иелері тұр. Бір кә­сіпкер химиялық тазалау орталығын  аша­ды, екіншісі шеберхана немесе дәмха­на­сын іске қосады, тағы бірі құрылыс не қыз­мет көрсету саласына келеді. Осындай ша­ғын бастамалардың жиынтығы моно­қа­ланың экономикалық ортасын қалып­тас­тырады. 
Сондықтан моноқаланың болашағын тек ірі кәсіпорындардың дамуымен байла­ныс­­тыру жеткіліксіз. Кәсіпкерлік орта не­ғұр­лым белсенді болса, қала эконо­ми­касы соғұрлым орнықты болады.
Бұл бағытта Хромтауда аумағы 150 гек­тарды құрайтын индустриялық аймақ құрылып жатыр. Оның негізгі мақсаты – жаңа өндірістерді орналастыру және ин­вес­тиция тарту.

Жас мамандар – қаланың болашағы

Хромтаудың демографиялық өсімін сақ­тау үшін жастар мәселесі өзекті. Қа­­­лада жас мамандардың білім алып, өн­діріс­те тәжірибе жинақтап, кейін тұрақты жұ­мысқа орналасуына мүмкіндік мол. Осы тұр­ғыдан өндіріс пен білім беру жүйесінің бай­ланысы ерекше рөл атқарады. 
Хромтау тау-кен техникалық жоғары кол­леджі – Батыс Қазақстан аймағы бойын­ша тау-кен мамандарын даярлайтын бірегей білім ордасы. 1979 жылы негізі қаланған кол­­­­ледждің басты серіктесі – Дөң кен байы­ту комбинаты. Колледж ашылғалы бері комбинатқа жеті мыңнан астам маман даярлап шығарған. 
Тау-кен саласына қажетті маман даяр­лайтын оқу орнының болуы – моноқала үшін үлкен артықшылық. Өйткені жас­тар­дың туған жерінде білім алып, сол жерде жұ­мысқа орналасуы оның қалада қалу ық­тималдығын арттырады. 
Бүгінгі жас маман – ертеңгі тәжірибелі ин­женер, технолог, кәсіпкер немесе өндіріс бас­шысы. Ал олардың отбасы, балалары, тұр­­мыс жағдайы қаладағы мектепке, бала­бақ­шаға, медицинаға, тұрғын үйге және инфрақұрылымға деген сұранысты қалып­тастырады. Сондықтан демография мен экономиканы бір-бірінен бөлек қарауға болмайды. 

Өсім бар жерде жаңа міндет те бар

Халық санының 22,8 пайызға өсуі – Хромтау үшін үлкен жетістік. Бірақ бұл көрсеткіш жаңа міндеттерді алға шы­ғарады. Тұрғын көбейген сайын қаланың инф­рақұрылымына түсетін салмақ артады. Жол, ауыз су желісі, тұрғын үй, мектеп, ба­ла­­бақша, медицина, қоғамдық көлік, абат­тан­дыру және бос уақытты тиімді ұйым­дастыру мәселелері өзекті бола түседі.
2025 жылы Хромтауда инфра­құры­лым­ды дамыту бойынша жолдарды жөндеу, тұр­ғын үй қорын жақсарту, көгалдандыру жә­не абаттандыру бағытында біраз жұмыс жүр­­гізілген. Хромтау әкімдігінің мәліме­тін­ше, 2026 жылы да жол жөндеу, тұрғын үй құрылысы, су желілерін дамыту және әлеу­мет­тік нысандарды жаңғырту жоспар­ла­нып отыр. 
Осының бәрі бір мақсатқа тоғысады: қа­ла тұрғындары үшін қолайлы орта қа­лып­тастыру. Өйткені демографиялық өсім­ді сақтау үшін адамдарға  жұмыс орны ғана емес, өмір сүруге жайлы орта керек. 

Хромтаудың басты капиталы

Хромтаудың бүгінгі келбетін екі адам­ның мысалынан-ақ көруге болады. Әділхан Сэрээтэр – жиырма жылдан астам уақытын кен өндірісіне арнаған еңбек адамы. Ол өзі­нің өмір жолын Хромтаудың өндірістік тари­хымен байланыстырады. 
Рада Құлсарина – жолдасымен бірге төрт баласын тәрбиелеп, осы қалада жеке кәсібін бастап, оны кеңейтуді жоспарлап отырған кәсіпкер. Ол болашағын басқа жақтан емес, дәл Хромтаудан көріп отыр. 
Екеуінің жасы да, кәсібі де, өмір жолы да бөлек. Бірақ екеуін біріктіретін бір нәрсе бар. Ол – Хромтауды өзі­нің, бала-шағасының бо­лашағымен байла­ныс­тыруы. Мәселенің мәні де осында. 
Моноқаланың тұрақ­тылығы тек кен өндіру көлемімен немесе инвес­тиция сомасымен өлшен­бейді. Оның ең басты көрсет­кіші – адамдардың осы жерде қалуға, еңбек етуге, кәсіп бастауға деген ниеті. Хромтаудағы 22,8 пайыз­дық  өсім осындай ниеттің бар екенін көр­сетеді. Ендігі міндет – осы оң дина­ми­каны сақтап қалу. 
Ол үшін өндірістік әлеуетті нығайтумен бірге экономиканы әртараптандыру, ша­ғын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұ­мыс орындарын құру, жастарға мүмкіндік беру, тұрғын үй мен әлеуметтік инфра­құ­ры­лымды дамыту қажет. 
Хромтау бүгінде тек кеншілер қаласы емес. Ол – жаңа кәсіп бастауға талпынып жүр­ген кәсіпкерлердің, кәсіби маман­дар­дың, жас отбасылардың, білім алып жүрген жас­тардың қаласы. Ал қаланың ең үлкен байлығы – жер астындағы кен ғана емес, өз болашағын осы жермен байланыс­тыра­тын адамдары. Кәсіпкер Рада Құлсаринаның «Хромтаудан көшетін ойым жоқ» деген сөзі осының түйіні іспетті.
Халық саны өсіп отырған қалада мүм­кіндік те көбейеді. Ең бастысы – сол мүм­кін­дікті тиімді пайдаланып, бүгінгі өсімді ертеңгі тұрақты дамуға айналдыра білу. 

Жанна КӨПЖАНОВА,
Ақтөбе