Өскелең ұрпақтың қолайлы және қауіпсіз ортада өмір сүруі үшін барынша жағдай жасауымыз керек – Тоқаев

Бүгін, 11:47 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Ақпарат кеңістігінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қосымша шаралар қабылдау қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында мәлім етті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Жалпы, біз өскелең ұрпақтың қолайлы және, ең бастысы, қауіпсіз ортада өмір сүруі үшін барынша жағдай жасауымыз керек.

Осы орайда, Үкімет 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салуды ұсынып отыр.

Бұл мәселеге таяуда өткен Тамыз конференциясында арнайы тоқталып өттім. Мұндай шара әлемнің көптеген елінде қабылданып жатыр. Мен мұны қолдаймын. Осы жұмысқа баса назар аудару қажет деп санаймын.

Бірақ тиісті заңды қабылдасақ, оны толығымен жүзеге асыру мәселесін ойлауымыз керек, себебі, қауқарсыз заң ешкімге қажет емес.

Энергетика саласының технологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, баламалы энергия көздерін дамытуға мүмкіндік беретін заң жобаларын да тездетіп қарастыру маңызды.

Сондай-ақ онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселесіне қатысты заңдарға айрықша назар аудару керек. Ақпарат кеңістігінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қосымша шаралар қабылдау қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.