Бүгін Ақордада Мемлекет басшысының қатысуымен Құрылтайдың бірінші сессиясы өтіп жатыр. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, кезінде Ұлы Абай айтқан «бес дұшпаннан», әсіресе, өнбейтін дау-дамайдан, бос сөз бен құр мақтанудан аулақ болғанымыз жөн екенін, ең алдымен, білім мен ғылымға жүгініп, нақты іспен айналысуымыз қажеттігіне тоқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Біз жасампаз ұлт ретінде ақиқат пен аңыздың, шындық пен өтіріктің ара жігін ажыратып, жағымсыз кеселдерден біржола арылуымыз керек. Кезінде Ұлы Абай айтқан «бес дұшпаннан», әсіресе, өнбейтін дау-дамайдан, бос сөз бен құр мақтанудан аулақ болғанымыз жөн. Ең алдымен, білім мен ғылымға жүгініп, нақты іспен айналысуымыз қажет. Онсыз әлем өркениетіне ілесе алмай, көш соңында қалып қоюымыз мүмкін. Бірақ біз бұған жол бермейміз. Төл тарихымызды тар жол, тайғақ кешсе де, алған бетінен қайтпаған, еңсесін тік ұстап, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет еткен тұлғалар жазды. Олар ұлтымыздың көшін алға бастады. Елімізді көркейтеміз десек, осындай ұлт перзенттерінің өмірін, ұстанымдарын үлгі-өнеге етуіміз керек. «Ондай болмақ қайда» деп, қол қусырып отыру – қаһарман жұртымызға тән қасиет емес. Рухы биік, жігері мықты адамдар өз отбасы мен қастерлі Отаны алдындағы жауапкершілікті терең сезінеді, ел игілігі үшін адал еңбек етеді. Өмірде табысты, қоғамда сыйлы болады. Шынайы отаншылдық дегеніміз де – осы», – деді Президент.