Ауқымды реформалардың қарқыны үдей түспесе, бәсеңдемейді – Мемлекет басшысы

Бүгін, 11:25 / Інжу Әлихан
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде жаңа тәртіп қалыптасып жатқанын айтып, қазіргі жағдайда Қазақстанды жан-жақты жаңғыртудың стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Әлемде жаңа тәртіп қалыптасып жатыр. Ол кереғар сипатқа ие: бір жағынан – қауіпті, зиянды, келешегі бұлыңғыр, ал екінші жағынан – прогрессивті, технологиялық, перспективті әрі адамзат тарихындағы елеулі бетбұрыс саналады.

Мұндай жағдайда экономика, ғылым, әскери-дипломатия салаларында өзінің егемендігін нақты іспен қорғап, нығайтуға қауқарлы, ең маңыздысы, адам әлеуетін дамытатын мемлекеттер ғана жаңа дәуірге бейімделетіні баршаға түсінікті.

Дәл осы себепті мемлекетімізді жан-жақты жаңғырту стратегиялық тұрғыдан маңызды. Мақтангершілік емес, әділін айтсақ, біз жүргізіп жатқан ауқымды реформалардың қарқыны алдағы уақытта үдей түспесе, бәсеңдемейді.

Қарапайым тілмен айтқанда, артқа шегінер жол жоқ. Бұл – елеулік жетістік.

Қазақ елінде жүргізіліп жатқан реформалардың күн тәртібінде қазіргі, тіпті келешектегі ықтимал жаһандық сын-қатерлер толық мейлінше ескерілген. Бұл – аса маңызды. Басқаша айтқанда, сол сынақтарды еңсеру үшін алдын алу шаралары қабылданады», – деді Президент бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында.