Аквашаруашылық субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету үшін өнімнің өзіндік құнын төмендету мақсатында жемшөп, құртшабақтарын, балық шаруашылығы-биологиялық негіздемесін және басқа да шығындарды сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеу арқылы субсидиялар беріледі , деп хабарлайды turkystan.kz.
Субсидиялар көлемін қалыптастыру және оларды бөлу табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен жүзеге асырылады.
Жамбыл облысында табиғатты қорғау прокуратурасы аквашаруашылық субъектілеріне субсидияларды төлемеу фактісін анықтады.
Атап айтқанда, мемлекеттік қолдау алу үшін субсидиялау шарттарында көзделген жемшөп пен өзге де өнімдерді сатып алуға жұмсалған шығындарына байланысты өтініш берген 17 аквашаруашылық субъектісіне субсидия төлеу бойынша берешек қалыптасқаны анықталды.
Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесінде 9 субъектінің жалпы сомасы 119 млн теңге болатын субсидияларды алуы қамтамасыз етілді. Қалған кәсіпкерлер алдындағы берешекті өтеу бойынша тиісті шаралар қабылдануда.
Прокуратура органдары инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстарды одан әрі жалғастырады.