Елдік толғауы

Бүгін, 08:00 / Дана Ізтілеуова

Жақында Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты жаңа кітабы жарық көрді. Бүгінде ұмыт болып бара жатқан, ал шынтуайтында, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру міндеті алға қойылып отырған қазіргі кезде қайтадан жаңғыртса жарасып тұратын рецензия жанрында пікір айтудың орны бар деп білеміз. 

Кітаптың аңдатпасында «Бұл жи­наққа Қазақстан Республика­сы­ның Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың әр жылдары саясат сах­насында қазақ және орыс тілдерінде айтқан таң­дау­лы сөздері енгізілді» деп жазылыпты. Жөн. Баяғыдан бар дәстүр. Бағзы заман­дағы данышпандардың, бергі кездегі Бенджамин Франклин, Уинс­тон Черчилль, Шарль де Голль сияқ­ты тұлғалардың үздік ойларының үзік-үзік үлгілерінен құрастырылған кітап­тар­ды айтып қайтейік, осы дәуірдегі Си Цзиньпин, Нельсон Мандела, Нарендра Моди, Вацлав Гавел, Барак Обама, Кофи Аннан сияқты көрнекті қайраткерлердің таңдаулы сөздері талай басылғанын да көлденең тартып жатпай-ақ қояйық. Одан да беріге тартып, айналамызға қара­с­ақ, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің мультикультурализмнің әзер­бай­жандық моделі туралы сөйленген сөз­дері мен айтқан пікірлерінен ірік­теліп, сарапталған сілтемелер жинағын (Баку, 2017) айтуға болады. Сан қилы баяндамалар мен сөздерден ойып-ойып алынған ондағы ойлар Әзербайжанның не­ліктен бүгінгі әлемдегі муль­ти­куль­турализмнің негізгі ошақтарының бірі саналатынын, елде этностық, діни және мәдени сантүрліліктің дұрыс реттелуі қо­ғамдағы бірігу, кірігу үрдісін қалай те­реңдетіп жатқанын келісті көрсетеді. 
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл кіта­бын құрастырушылар Мемлекет бас­шы­сының ұлт сапасы, тәуелсіздік егемендік пен мемлекеттілік, Конституция, Әді­лет­ті Қазақстан, мемлекеттік басқару, Пре­зи­денттік миссия, Заң мен Тәртіп, ын­ты­мақ пен бірлік, цифрландыру және жа­санды интеллект, ғылым және білім, тарих, мәдениет және руханият, тіл, халықаралық саясат, ұлттық экономика, жастар, өңірлер, Таза Қазақстан, алдағы даму, тарихи тұлғалар туралы толға­ныс­тарын, сондай-ақ өзі жайындағы ой­ларын, кеңестерін, естеліктері мен ой-толғамдарын аса мұқияттылықпен, ұқып­тылықпен, әр пікірдің жазылған не­месе айтылған уақытын, орнын жылы, айы, күніне дейін дәл көрсетіп, бір кітап­тың аясына жинақтап беріп отыр. Ың­ғайлы. Пайдалы. Құнды. Қажет. 
Президентіміз – танымал жазу­шы­ның  ұлы. Мұны барша жұрт біледі. Өзі­нің де қаламгер екені, қолынан талай кітап шыққаны, дәйім өз сөзін өзі жаза­ты­ны тағы белгілі. Ал осы сөз өнеріне құ­марлықтың Қасым-Жомарт Кемелұлы­ның мектепте жүрген кезінен басталға­нын, аяулы ұстазы шәкіртінің жарқын журналистік болашағына сенгенін (біз­дің мамандық иелері үшін бұл да бір мақ­таныш!), бірақ оқу бітіргенде дип­ломат болуды қалағанын барша жұрт біле бермеуі әбден мүмкін. Қаламгерлік қа­сиет қаннан дарыған, сөйтіп сүйегіне сөз сіңген Қасым-Жомарт Кемелұлы дипломатия жолына түскенімен, жазуға құштарлығын тастай алған жоқ. Бірнеше кітап шығарды. Олары талай тілге аударылды. Менің өзімде де ол кісінің қолтаңба қойып берген бірнеше кітабы бар. Еңбектерінің  ойы анық, тілі қанық бо­лып келеді. Көсілтіп жазады. Тілі төгі­ліп тұрады. Ең бастысы – жазғанының бәрі де терең ойға құрылады, нақты дерек­термен көмкеріледі. Сондықтан да сендіреді. 
Жақсы қаламгер болудың басты шар­ты – жақсы оқырман болу. Бұл тұрғыдан да Қасым-Жомарт Кемелұлынан алар үлгі баршылық. Өз өмірімнен бір мысал келтірейін. 
1999 жылы «Біздің Пушкин» деген кітабым шыққан. Өзім бірінші вице-пре­зидент болып жұмыс істейтін «Қазақстан теледидары мен радиосы» республи­калық корпорациясына келгенінде Қасым-Жомарт Кемелұлына сол кітапты бергенмін. Ол кезде Премьер-Министр еді. Біраз уақыттан кейін бір жиналыста көріп, «Кітабыңызды оқыдым» деді. «Дип­ломат адам ғой, көңілім үшін айтып тұрған шығар, Үкімет басшысы әде­биет­тану кітабын оқуға уақыт таба қоймас» деген оймен «Рақмет. Сіздің қарап шық­қа­ныңыздың өзі маған үлкен құрмет» деп қалдым. Сонда сәл қабағын шытып, «Неге олай айтасыз? Мен кітапты түгел оқы­дым» дегенінде қатты қысылғаным бар. Шын зиялы адам, нағыз интел­лектуал тұлға қандай қызметте де кітап оқуға уақыт табады екен.  
Автордың ордалы ойларының ең өзек­тілерінің өзін бөле-жарып алу, ерек­шелеп көрсету қиын. Бірнеше үзіндіге ғана тоқталып, герменевтикалық талдау ыңғайында  пікір жазып өтейік. 
«Еңбек адамы – ел байлығы».
Бақытқа жетудің ең сенімді жолы – еңбек. Еңбек қана қиындықты жеңбек. Еңбекпен ғана жеміс өнбек. Ең­бекпен ғана ел өркениетке енбек. Ең­бекпен ғана береке келмек. Еңбекқорлық пен жауапкершіліктің ұлтымыздың біре­гей болмысына айналғанын қалайды автор. «Адал адам – Адал еңбек – Адал та­быс» қағидасын қастерлейтіні де со­дан. Әрине, елдің даму деңгейі көп­теген тарихи, саяси, дәстүрлік факторға да бай­ланысты екенін ескермеуге болмай­ды. Мәселе жай ғана жалқаулықта емес. «Өкімет өлтірмейді», «үкімет үздір­мейді» дейтін патерналистік психология әлі күнге талайдың ойын илеп, бойын билеп тұр.  Сол сырқау сананы сындырудың өзі­не, адам өз күнін өзі көруі керек еке­нін миға сіңдірудің өзіне талай уақыт кетеді. Жаныңды салсаң да, жасырынып қалсаң да, бірдей жалақы алатын қоғам­нан шыққан елді еңбекке ентелету оңай­ға түспейді. Бірақ сең қозғалғаны сөзсіз. 
«Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үй­­ренуі­міз керек. Ұлы ақын ұлты­ның кем­шілігін қатты сынаса да,  тек бір ғана ой­ды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақ­сат тұтты».
Өтпелі кезеңдегі уақытша қиын­шы­лықтар тұсында халықтық мінезімізді, ұлттық қалпымызды өзгер­тіп алмауымыз өте маңызды болып тұр. Абай айтқан міндердің үстіне жаһан­дану­дың желімен жеткен жаңа жаман­дық­тарды жамап қалудан сақтану да ұдайы жадымызда жүруге тиіс. Прези­дент мұны да ескертеді: «Бізге, Абай айт­­­­қан­дай, ар­тық мақтанға салыну, өзгені қор, өзімізді зор санау, дау қуу әсте жараспайды. Әр қадамымызды анық басып, әлемде және елімізде болып жатқан оқиғаларды байып­пен сараптай білуіміз қажет. Тұрақ­тылық пен дамуымыздың кепілі бол­ған татулық пен бірлікті бәрінен жо­ғары қойған абзал. Мемлекет мүддесін көз­десек, әуелі сабақтастық сақталып, тө­гіл­ген тер мен атқарған еңбектің да­лаға кетпеуін ойлайық».
«Халқы мықты ел ғана қуатты мем­лекет құра алады».
Елдікті еңселендіру күресі толаста­май­ды. Тәуелсіздікті орнықтыру, ны­ғай­ту, мығымдандыру, күшейту, қуат­тан­дыру, тіккен туымызды бірде жылы, бірде жылым замананың қандай жұл­қын­ған желінде де мызғымастай етіп тұ­ғырландыру тұрғысынан көп-көп, өте-мөте көп күрес, елдік жолындағы ерек күрес керек болады.
«Қазіргі қоғам өмірінде «Адам мем­ле­кет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидаттың өзектілігі арт­ты. Сон­дықтан жаңа Консти­туция­ның бойынан осы ұстаным анық аңғарылады». 
Дәл солай. Адам бақыты қоғам бақы­ты­нан тумайды, қайта қоғам бақы­тын адамдар бақыты құрауы керек. Қандай қо­ғамның қандай бақыты жолында да адам­ның бақытсыздыққа ұшырауын ақ­тап алуға болмайды. Адам бақыты ең алдымен махаббатта, отбасында, перзент қызығында қалыптасады. Адам бақы-
ты – қоғам бақыты. Керісінше емес. Бұл – дәйім есте ұстайтын қасиетті қағида.
«Елдікті бұзу, бірлікті шайқалту, 
бұл – заң алдында қылмыс, Құдай ал­дын­да – күнә». 
Елдікті сақтаудың басты шарты – ор­тақ шаңырағымыздағы береке-бірлікті сақтау, достықты, татулықты, келісімді көзіміздің қарашығындай қастерлеу, қа­сиеттеу. Қазаққа Құдай жерді де бер­ген, кенді де берген, елді де берген, ерді де берген. Бізде бәрі бар. Қазір де, та­лайы­мыз нысап сайын береке дегенді ұмытыңқырап, тым-тым таусыла сөйлеп, әсіреталапшылдық танытып тұрған өтпелі, аздап өкпелі тұста да біз алдағы замандағы ірілігіміз де, тірлігіміз де бірлігімізде екенін ұмытпауға тиіспіз. Қоғам бірлігінің басты шарты – адам бірлі­гі. Ортақ мақсатқа ұмтылғанда, от­басын асырайтын, Отанына себі тиетін еңбекке жұмылғанда, әділдікке сенгенде, заңға көнгенде адамдар да біріге түседі. 
«Мемлекеттік қызметшілерді қо­лы­нан түк келмейді деп кемсітуді доғару керек. Оларды «халық жау­лары» сияқты көретіндер де бар». 
Өкінішке қарай, сан түрлі себептерге бай­ланысты мемлекеттік қызметші атаулыға «шенеунік» деген шекпенді жаба салып, шетінен оңды-солды шенеу сөздің салтына айналып барады. Кітапта автор «Шенеунік» деген сөз жағымсыз ұғымға айналып барады. Бұл – дұрыс емес» дейді. Шынында да, мемлекеттік қызметшілерді тұқырта берген сайын мемлекеттің де тұғыры төмендей түсе­тінін ескермейтін сияқтымыз. Әсіресе әбден әулекіленіп біткен әлеуметтік желіні билікті беталды беттен алатын бетсіздік басып тұрған қазіргідей уақыт­та қызмет баспалдақтарының бәрін дерлік басып өткен, қай белесте де ізгі із қалдырған асыл азаматтардың лайықты бағасын беруге Мемлекет басшысының осы сөзі қозғау салса дейміз. 
«Өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды».
Бұл сөзге біздің қосарымыз бір ақыл­ды адамның «Бүгін мақтанатыны қалма­ған­дар кешегісімен мақтанады» дегенін еске салу ғана. 
«Жасанды интеллект заманына бейім­деле білген, соған қарап тірші­лі­гін түзген, тіпті жаңа үдерістерге нақ­ты әрі бел­сене қатысқан елдер ғана табысқа жет­пек».
ЖИ – дамыған елдің үлкен үрдісі. Со­нымен бірге оның дәуірінде рухани жә­не мәдени құндылықтарды назардан тыс қалдырмау қажет. Жасанды интел­лек­­тінің бірыңғай басымдыққа ие болып кет­пеуінің, сөйтіп, адамның өз бетінше ой­лану дағдысынан ажырай бастауының ал­дын алудың да бір тетігі, бірегей теті-
гі – кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру. Кітап оқитын ұлттың басты белгісі – оқу мәдениеті аза­маттардың басым бөлігінің күнделікті тыныс-тіршілігіне тән болуы. Сәнге ай­на­лып тұрған сөзбен айтсақ, қоғамдағы белді бір трендке айналуы. Оқуға құмар­лық, оқу мәдениетінің жоғарылығы, кі­тап­хана жүйесінің дамуы, кітап шы­ғару­ға мемлекет тарапынан қолдау көр­сетілуі және қалың көпшіліктің биік өрелілігі зер­делі қоғамның міндетті сипаттары са­налады. Бара-бара жалпы жұртшылық клипті ойлау жүйесінен бірте-бірте бас тар­туға бейімделе беру­ге, смартфонның кітапты езіп-жаншуы азая түсуге тиіс. 
«Бүгінгі заман – білектінің емес, бі­лім­дінің, яғни ақыл-ой бәсекесінің зама­ны».
Президент оқитын, интеллектуалды ұлт қалыптастыруға жағдай жасау мін­де­тін алға қойды. Егер біз білім жолын, ғы­лым жолын, мәдениет жолын таң­да­сақ, онда кітап оқу біздің ұлттық идея­мыз­ға айналуға тиіс. Жаһандану жағ­дайын­дағы жарыста оза шапқан елдер­дің бәрі де білімге, оқуға баса назар ау­дара білген. Жеке тұлғаларға келсек, мы­с­алы, Билл Гейтс күн сайын едәуір уа­қытын кітап оқуға арнайды. Оқымаса ой тоқырайды деген сол.
«Әділеттілік салтанат құрмаған қо­ғам­да тек қайшылық, қиыншы­лық, құл­ды­рау үстемдік ететіні белгілі».
Кісіліктің басты өлшемдерінің бірі – адамның әділдігі. Елдіктің басты өлшем­дерінің бірі – қоғамның әділдігі. Халқы­мыз ақылдың азбайтынына, арамдықтың озбайтынына, әділдіктің тозбайтынына қай кезде де сенген. Бабаларымыз бізге ха­лықтық құндылықтардың аса бір қа­сиеттісі ретінде әділеттілікті ама­нат­та­ған. Сонымен бірге Әділетті Қазақстан де­геніміз барлық мәселесі шешіле қа­ла­тын Қазақстан еместігін де естен екі елі шығаруға болмайды. Әділеттілік орна-
ту – түйінді мәселелерді тиімді шешудің тетігі. Әділет – әділ ету. Әділеттілік – біреу­­лердің маңдайы терлемей-ақ, ше­кесі шылқып өмір сүруіне, біреулердің арқа еті арша күйге түссе де, кедейліктің қа­мытынан құтылмай жүруіне тосқауыл қою деген сөз. Әділеттілік – қолынан іс ке­летіндердің, елім дейтіндердің, жерім дей­тіндердің жұлдызы жануына жағдай жа­сау, ауырдың үстімен, жеңілдің ас­тымен жүріп, жоғарыға жұлқына жыл­житындардың, сөйтіп, өзінен қабі­лет­тілердің алдын орайтындардың қадамын тұ­сау деген сөз. Жақсы жұмыс істейтін­дер­дің жақсы тұруы, шаруасын ман­дытпайтындардың, ісін өндірмей­тін­дердің шамасына қарай күн кешуі, көр­пе­сіне қарай көсілуі де – әділеттілік.
«Егемендік – әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт».
Өзімізге мемлекет құру бақытын, мемлекет болып тұру бақытын бұйырт­қан тарихтың тартуына құрмет­пен қарауға, бастағы бақтың бағасын білуге шақырады автор. Мына әлемде саны қазақты бірнеше рет орап кететін, әйт­се де, бір жапырақ туын тігетін ала­қандай төбе таба алмай жүрген қаншама ха­лық бар! Олар қорлылығынан, сор­лы­лығынан сондай күн кешіп отырған жоқ. Тарихтың толғағы орайлы келмеді. Әлі де келер дегенге ешкім кепілдік бере ал­мас.  
«Егер ұлттардың өзін-өзі айқын­дау құқы бүкіл жер шарында жүзеге асы­рылатын болса, онда қазір БҰҰ-ның құ­­­­ра­мына кіретін 193 мем­ле­кеттің ор­нына 500 немесе 600 мем­ле­кет пайда бо­лар еді. Әрине, бұл бейберекеттікке соқ­тырады». 
Бұл – Маргарита Симоньянға әскери опе­рацияға қатысты қайтарылған жауап. Әрі қарай осы себептен біздің Тай­ваньды да, Косовоны да, Оңтүстік Аб­хазияны да қолдамайтынымыз, ол қа­ғи­даның квазимемлекеттік аумақ­тарға байланысты да қолданылатыны айтылады. Бұған не қосар едік? Әлемдегі 193 елдің бірі ретінде өзіміздің көк Туы­мыз­ды өзіміздің жеріміздің төріне қадау ба­қыты бұйырғанына тәубе деуіміз ке­рек. 
«Сол кезде тәртіпсіздікті бастаған жә­не төңкерісті ұйымдастырған адам­­дар­дың қимылына дереу тос­қауыл қойып, батыл әрекет жаса­ма­ған­да, қазір Қа­зақстан дербестігі мен егемендігі әл­де­қайда шектеулі, мүл­де басқа мем­ле­кетке айналар еді».
Қаңтардағы сын сағатта Қасым-Жомарт Кемелұлы азамат ретінде, Мем­ле­кет басшысы ретінде, Жоғарғы бас қол­басшы ретінде өзін өте лайықты көр­сетті. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хат­шысының орынбасары болып істеген, әлем­дік деңгейдегі сара саясаткер екенін та­нытып, аса қиын жағдайда жалғыз дұрыс шешімді тез тауып, мемлекеттілікті сақтап қалды. «Не болса да, мен астанада боламын. Халықпен бірге болу – менің конституциялық міндетім» деп мәлім­деді. Елдің басына күн туа жаздаған шақ­та жауапкершілік, ержүректік та­ныт­қаны, салқын сабыр мен асқан ақыл тап­қаны – Тоқаевтың қазақ тарихы ал­дындағы ерлігі. Тоқаев – елдің тағдыры қыл үстінде тұрған сәтте соның жалғыз түйінін тапқан адам. Біз қазірше мұны тиісінше бағалай алмаспыз. Уақыт өтеді, бел­гілі бір кезең аралығынан кейін 2022 жылғы қаңтарда біздің мем­ле­кет­тілі­гімізге қандай қатер төнгенін және сон­дай шақта Қасым-Жомарт Тоқаев елді қандай қатерден сақтап қалғанын біз бәрібір бағалаймыз, лайықты түрде ай­тамыз. Біз айтпасақ, келесі буын айта­ды, тарих айтады. 
«Біз тарихқа қазақ халқының Қайта Өрлеу дәуірінің ұрпағы ретінде енуге тиіс­піз». 
Биыл ел тәуелсіздігіне отыз бес жыл то­лады. Осы отыз бес жылдың ішінде қа­зақ халқы, қазақстандықтар елдіктің ерлігін жасады. Бұл – басы ашық ақиқат.  Біз мемлекет құра алдық, біз егемен ел бо­лып тұра алдық. Біз тілі басқа, тілегі бір, жүзі басқа, жүрегі бір, тату мемлекет болып құралдық. Мұның бәрі оңайға түс­кен жоқ. Біз мына жердің бетіне та­рих­тың тамаша тұсында орайымен кел­ген ұрпақпыз. Өйткені біз халқы­мыздың тарихындағы ең бір ғажайып тұсқа – азаттық алған, тәуелсіз мемлекет құрған тұсқа тап болдық.
Қазақ халқының Қайта Өрлеу дәуірі бас­талды. 
Тәуелсіздіктің 35 жылы, әсіресе, кейінгі 5 жылы бұлай деуге толық мүм­кін­дік береді. Аласапыранға түсіп, азат­ты­ғынан  айырылып қала жаздаған ел­дің аз уақыттың аясында бойын тіктеп алуы, әлемдегі абыройын қалпына кел­тіріп қана қоймай, халықаралық аре­н­а­дағы беделін бұрынғыдан да биіктетуі, әлемде қалыптасқан аса күрделі геосаяси ахуалда, бұрын айтылатындай екі от емес, талай оттың ортасында тұрып қау­ға да шалынбауы, дауға да ұрынбауы, алыс­қа да, жақынға да иығын бермей, қан­дай жаһандық мәнді мәселеде де өзі­нің салмақты сөзін айтатын мығым мем­лекетке айналуы, аса қиын жылдарда тұ­рақты экономикалық өсімді қам­та­ма­сыз етуі,  елімізді жаңа даму деңгейіне кө­теру үшін берік негіз қалауы, Әділет­тілік­ті, Адалдықты, Тазалықты алға ұс­тай­тын,  қоғамды да, адамды да жаң­ғыр­татын, табанды ұжымдық еңбектің нәти­жесі, халық даналығының сүзгісі бо­лып табылатын  жаңа Конституция қа­былдауы, соған сәйкес тың тұрпатты, бір палаталы Парламент – Құрылтай құ­­ратын сайлау өткізуі, оған аза­мат­та­рым­ыздың адамдық жауапкершілікпен, қоғамдық белсенділікпен қатысуына қол жеткізуі – осы сөзіміздің айғағы. 
Әрине, елімізде шешімін күтіп тұр­ған сұрақ, тарқатылуын күтіп тұрған түйін аз емес. Олар тез шешіле де қал­май­ды, тез тарқатыла да қалмайды. Бірақ біз енді сол сұрақтарды, сол түйіндерді жа­сырмай айтатын, ашық талқылайтын қо­ғамға айналып келеміз. Демек, қиын­дықтар бара-бара еңсеріледі, жағдай уа­қыт өткен сайын түзеле түседі. Елдің көш керуені алға баса береді. Алға басу­дың  басты шарты – елдің амандығы, жұрт­тың тыныштығы. Мұны да автор ба­с­ын ашып айтқан: «Тыныштық бол­ма­са, басқаның бәрі бекер». 
Жарайды, жазғанымыз рецензия жан­рының өзіне лайық көлемінен асып бара жатыр екен. Тізгін тартуға тура келеді. Біздіңше, осында келтірілген аз ға­на сілтеменің өзі Тоқаевтың жаңа кіта­бы елдігімізді еңселендіруге септесетін, қоғамдық сананы серпілтетін ірі еңбек, елдік толғауы екенін таныта алатындай көрінеді.
Кітаптың әр беті терең толғамға тұ­нып тұр. Ондағы әр үзінді оқырманды алуан-алуан ойға жетелейді. Мемлекет үшін, ел үшін, қоғам үшін азаматтық жауапкершілікті сергек сезіндіре түседі. 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ