Айтыскер Айтақын Бұлғақов аты жаман аурудан айығып шықты

Бүгін, 17:36 / Інжу Әлихан

Белгілі айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов Үндістандағы клиникада өңеш обырынан ем алып, ремиссияға шықты. Бұл туралы Medical Travel клиникасы мәлім етті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Клиника мәліметінше, ақын бірнеше ай бойы онкологиялық аурумен күресіп, ем қабылдаған. Осы кезеңде әр тексеріс пен емдеу шарасы дәрігерлердің бақылауында болған.

«Айлар бойы аты жаман аурумен күрескен ағамыз Үндістандағы клиникада ем алып, бүгін өңеш обыры бойынша ремиссияға шықты! Ем барысында әр күн маңызды болды. Әр тексеріс – үміт пен қобалжу. Әр ем – жеңіске қарай жасалған тағы бір қадам еді. Сол ұзақ жолдың нәтижесінде бүгін көптен күткен сүйінші хабарды бүкіл елге бөлісіп отырмыз» – делінген жазбада.

Сондай-ақ Medical Travel өкілдері Айтақын Бұлғақовтың емін ұйымдастырып, дәрігерлермен байланысын қамтамасыз еткен Гүлжазира ханым бастаған командаға алғыс білдірді.

Клиника ақынның бұл жаңалығы қазір ем алып жүрген науқастарға үміт пен жігер сыйласын деп тілек білдірді.