Қазақстан азаматы Непалдағы су тасқынынан кейін жоғалып кетті

Бүгін, 16:47 / Інжу Әлихан
Скриншот

азақстандық турист Непал мен Қытай шекарасы маңындағы аумақта болған жойқын су тасқынынан кейін байланысқа шықпай, із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Қазір оның нақты қай жерде екені белгісіз. Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің алдын ала мәліметінше, еліміздің азаматы Непалдан Қытайға шекара арқылы өткен туристер тобының құрамында болған.

«Қазір азаматымыздың нақты қай жерде екені белгісіз. Із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстандық дипломаттар жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмысын жалғастыруда», – деді ҚР СІМ баспасөз қызметі Liter.kz редакциясына.

Бұған дейін Telegram-дағы Mash арнасы Ресей, Қазақстан және Латвиядан барған жеті туристің қатарында болған 38 жастағы Анна Пак есімді туристің жоғалғанын хабарлаған. Мәліметке сәйкес, топ Mighty Himalaya Trek & Expedition компаниясынан тур сатып алған. Әйелдің күйеуіне соңғы хабарламасы 26 тамыз шамамен сағат 02:00-де келген. Содан кейін ол байланысқа шықпаған.

Reuters мәліметінше, Непалда 823 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында, оның ішінде 579 турист бар. Қытай шекарасы жағында тағы 558 адам хабар-ошарсыз кеткен. Алайда билік екі елдегі мәліметтердің бір-бірімен ішінара сәйкес келуі мүмкін екенін ескертті. Сондықтан жоғалғандардың нақты саны әзірге анықталып жатыр.

Шетел азаматтарына қатысты жағдай ерекше алаңдаушылық туғызып отыр. Алдын ала мәлімет бойынша, Непалда жоғалғандар арасында жиырмадан астам елдің азаматтары бар. Олардың қатарында Үндістан, АҚШ, Австралия, Ұлыбритания, Канада, Малайзия және басқа да мемлекеттердің азаматтары бар. Олардың көпшілігі Тибеттегі Кайлас тауына апаратын танымал туристік әрі зиярат ету бағытымен жүрген.