АҚШ-та жасөспірімдердің Instagram мен Facebook қолдануына шектеу қойылады

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

АҚШ-та 18 жасқа толмаған қолданушылар Instagram мен Facebook желілерін күніне екі сағат қана пайдалана алады. Meta компаниясы жасөспірімдердің әлеуметтік желіге тәуелділігіне қатысты сот ісін реттеу аясында жаңа қауіпсіздік талаптарын енгізуге келісті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Екі сағаттық лимит Instagram мен Facebook үшін ортақ есептеледі. Жасөспірімнің бірнеше аккаунты бары анықталса, олардың барлығында өткізген уақыты қосылады. Қолданушы бұл шектеуді өздігінен өшіре алмайды, оған ата-анасының рұқсаты қажет болады. Ал жеке хабарлама алмасуға қойылған лимит қолданылмайды. Түнгі сағат 00:00-ден таңғы 06:00-ге дейін жасөспірімдер жаңалықтар таспасын, Stories, Reels және Explore бөлімін көре алмайды, сондай-ақ жаңа жазба жариялай алмайды. Бірақ жақындарымен байланысуы үшін жеке хабарламалар ашық қалады.

Сабақ уақытында, яғни сағат 08:00-ден 15:00-ге дейін қолданба толығымен бұғатталмайды. Осы аралықта push-хабарламалар автоматты түрде өшіріледі. Тек жеке хаттар мен аккаунт қауіпсіздігіне қатысты ескертулер келе береді. Instagram немесе Facebook желісін 15 минут бойы үзіліссіз қараған жасөспірімге экраннан демалу туралы ескерту көрсетіледі. Қосымша хабарламалар әлеуметтік желілерде өткізілген жалпы уақыт 60 және 90 минутқа жеткенде де шығады.

Жасөспірімдерге жазбалардағы лайк пен реакция саны әдепкі бойынша жасырын болады. Сондай-ақ пластикалық операция әсерін беретін және адамның сыртқы келбетін қатты өзгертетін макияж сүзгілерін пайдалануға тыйым салынады.

Ата-аналар баласына алгоритм арқылы іріктелмейтін жаңалықтар таспасын таңдап, видеолардың автоматты түрде қосылуын өшіре алады. Meta жасын ересек деп көрсеткен жасөспірімдерді анықтайтын жүйені де күшейтпек. 13 жасқа толмаған балаларға тиесілі аккаунттарды анықтау және жою жұмыстары жүргізіледі.

Бұл өзгерістер Meta мен АҚШ-тың штаттары, аумақтары және Колумбия округінің атынан қатысқан 52 бас прокурор арасындағы келісімге енгізілген. Компания жас қолданушыларды әлеуметтік желіде ұзақ ұстауға бағытталған тетіктерді қолданды және 13 жасқа дейінгі балалардың деректерін ата-анасының рұқсатынсыз жинады деп айыпталған.

Meta дауды реттеу үшін он жыл ішінде шамамен 18 миллиард долларға дейін төлем жасайды. Компания тағылған айыптар бойынша кінәсін мойындаған жоқ. Жаңа ережелер сот келісімді мақұлдағаннан кейін АҚШ-тың келісімге қатысушы штаттары мен аумақтарында кезең-кезеңімен енгізіледі. Шектеулер әзірге Қазақстандағы қолданушыларға қолданылмайды.

Тэгтер:

Әлеуметтік желі АҚШ шектеу