Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің отырысын өткізді

Бүгін, 15:24 / Інжу Әлихан
Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді. Онда Қор қызметінің негізгі нәтижелері, оның ішінде өндірістік және қаржылық көрсеткіштер, сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов 2026 жылғы қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша Қордың кірісі 12,5 трлн теңгені құрап, жоспарлы көрсеткіштен 5%-ға асқанын баяндады. Сондай-ақ EBITDA – 3,4 трлн теңге болды, бұл жоспардан 7%-ға жоғары, таза пайда 1,2 трлн теңгені құрап, жоспарлы көрсеткіштен 4%-ға артқан.

Сатып алулар арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдау және отандық өндірісті дамыту шеңберінде Топ компаниялары жыл басынан бері жергілікті тауар өндірушілермен 694 млрд теңгеге келісімшарттар жасады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32%-ға көп. Сатып алу жүйесінде отандық өндірушілерді қолдаудың 16-дан астам шарасы қолданылады. Оның ішінде қазақстандық тауарларға басымдық беру, ұзақмерзімді шарттар жасасу, 30% мөлшерінде міндетті аванс беру және жедел төлем жүргізу тетіктері бар. 2026 жылғы қаңтар-шілде айларында 52,8 млрд теңгеге офтейк-келісімшарттар жасалды. Ғылым мен инновацияларды дамыту бөлігінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар портфелі 13,9 млрд теңге сомасындағы 55 жобаны қамтиды, оның ішінде 7 жоба аяқталды.

Олжас Бектенов инвестициялық жобаларды уақтылы жүзеге асыру және Топтың сатып алу жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде бірқатар тапсырма берді.