Қосшы тұрғыны моншаға 5 млн теңгемен барып, ақшасынан айырылған

Бүгін, 15:23 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қоғамдық моншаға барған Қосшы тұрғыны 1 миллион теңгесінен айырылып, полицияға жүгінуге мәжбүр болды. Ер адам ақшасын жеке заттарының арасына қалдырған. Ал қаскөй жәшікті кездейсоқ ашқаны белгілі болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Келуші моншада болған кезде белгісіз біреу оның жеке заттары салынған жәшікті ашып, қолма-қол ақшасын ұрлаған. Ер адам ақшасының жоғалғанын анықтаған соң, полицияға жүгінген. Жәбірленушінің жанында 5 миллион теңге қолма-қол ақша болған, алайда қаскөй оның тек 1 миллион теңгесін алып кеткен.

«Полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды жедел қарап, мекемеге келген келушілердің жеке басын анықтап, қажетті жедел іс-шаралар кешенін жүргізді. Нәтижесінде күдікті анықталды. Ол — елордалық жоғары оқу орындарының бірінің 19 жастағы студенті, Қосшы қаласының тұрғыны. Алдын ала мәлімет бойынша, жас жігіт жәбірленушінің жанында мұндай қомақты ақша бар екенін білмеген. Ол жәшікті кездейсоқ ашып, ішінен ақша тауып, ұрлап кеткен», – деді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Полиция ескертеді: қажет болмаса, қоғамдық орындарда қомақты көлемдегі қолма-қол ақшаны сақтауға болмайды. Егер бағалы заттарды қараусыз қалдыруға тура келсе, мекеме ұсынатын арнайы сақтау орындарын пайдаланған жөн. Сондай-ақ ақша мен құжаттарды ашық жерде қалдырмаған дұрыс.

 

Тэгтер:

Қосшы монша