Отбасы банк әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау 31 тамызда басталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бағдарлама Қазақстанның барлық өңірінде тіркелген жеріне қарамастан қолжетімді. Басқа тұрғын үйдің болуы бағдарламаға қатысуға кедергі болмайды. Сондай-ақ қарыз алушы қосалқы қарыз алушыларды тарта алады.
Бағдарламаның негізгі шарттары:
- бастапқы жарна өңірлерде 15%-дан, Астана мен Алматыда 20%-дан басталады;
- несие мөлшерлемесі — жылдық 14,8%, ЖТСМ — 16,3%-дан 16,8%-ға дейін;
- қарыздың ең жоғары сомасы — 50 млн теңгеге дейін;
- отбасының орташа айлық таза табысы 1,25 млн теңгеден аспауы тиіс.
Бағдарлама аясында пайдалануға берілген бастапқы тұрғын үйді, сондай-ақ ҚТК кепілдігі немесе сақтандыру тетігі бар құрылыс кезеңіндегі тұрғын үйді сатып алуға болады.
Қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алуға да рұқсат етіледі. Алайда оның салынған жылы 2016 жылдан ерте болмауы керек. Бастапқы нарықтағы тұрғын үйді сатып алу тек Baspana Market маркетплейсі арқылы жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, бағдарлама қатысушылары тұрғын үйді жөндеуге 15 млн теңгеге дейін бөлек қарыз ала алады.
Өтінімді қалай беруге болады?
Ең ыңғайлы жолы – Отбасы банктің сайтындағы «Бейнеқызмет көрсету» сервисі немесе Баспана Маркеттегі жеке кабинет арқылы онлайн өтінім беру. Оператор кеңес беріп, сұрақтарға жауап береді және өтінімді қашықтан қабылдайды.
Қажет болған жағдайда банк бөлімшесіне де жүгінуге болады. Егер өтініш беруші некеде болса, банк бөлімшесіне жұбайымен бірге келуі қажет.
Төлем қабілеттілігін растау үшін соңғы 6 айдағы ресми табыс қажет.
Егер Отбасы банктегі депозитіңізде жинақ бар болса, бұл қажетті 50%-ды тезірек жинауға және жылдық мөлшерлемесі 5%-ға дейінгі тұрғын үй заемына ертерек өтуге мүмкіндік береді (ЖТСМ 5,1%-дан 6,9%-ға дейін).
«Ұмай» бағдарламасын Отбасы банк Азия даму банкімен бірлесіп жүзеге асырады. Жаңа қаржыландырудың 9 млрд теңге көлеміндегі алғашқы траншы банкке келіп түсті.