Дәрігерлер жүре алмай қалған 5 жастағы қыздың қайта қадам басуына үміт сыйлады

Бүгін, 11:52 / Інжу Әлихан
Алматыдағы №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасы

Алматыдағы №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасында жол-көлік оқиғасынан ауыр жарақат алған 5 жастағы қыз балаға жасалған бірегей хирургиялық емнің алғашқы кезеңі сәтті өтті, деп хабарлайды turkystan.kz

Күрделі операцияны аурухананың травматолог дәрігерлері Ресей Федерациясындағы Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің Н.И. Пирогов атындағы Жоғары медициналық технологиялар клиникасының жетекші маманы Павел Бортулёвпен бірлесіп, халықаралық шеберлік сабағы аясында орындады.

№2 БҚКА директоры Марат Рабандияровтың айтуынша, бұл клиникалық жағдай балалар травматологиясындағы ең күрделі жағдайлардың бірі болып саналады, ал жасалған операция микрохирургиялық дәлдікті талап ететін отаның жарқын үлгісі болды.

«Ресейлік сарапшының сапары мен шеберлік сабағының ұйымдастырылуына көптеген жылдар бойы балалар денсаулығын сақтауды дамытуға, медицина мамандарының біліктілігін арттыруға және қазақстандық балаларға арналған заманауи емдеу әдістерін енгізуге қолдау көрсетіп келе жатқан “Мейірімділік” ерікті қоғамы қоғамдық қоры демеушілік көрсетті», – деді Марат Рабандияров.

Бір жыл бұрын бүлдіршін көптеген жарақаттар алған, оның ішінде сан сүйегінің көп сынықты сынуы мен ауыр бас-ми жарақаты болған. Қыз бала ұзақ уақыт комада жатқан. Ауыр жағдайдың салдарынан өте сирек кездесетін әрі күрделі асқыну дамып, сол жақ жамбас-сан буынының айналасында сүйек тіні түзіле бастаған. Уақыт өте келе кейбір бұлшықеттер мен жұмсақ тіндер тығыз сүйек құрылымдарына айналып, буынның қозғалысын дерлік толық шектеген. Соның салдарынан қыз баланың аяғын қалыпты қозғалту мүмкіндігі жоғалған.

Операцияның күрделілігі патологиялық сүйек түзілістерінің арасынан ірі қан тамырлары мен жүйкелердің өтуімен байланысты болды. Хирургтің кез келген абайсыз қимылы ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін еді. Бірнеше сағатқа созылған операция барысында дәрігерлер өмірлік маңызды құрылымдарды мұқият бөліп алып, қоршаған тіндерді сақтай отырып, гетеротопиялық оссификатты алып тастады.