Танымал актриса, блогер Сая Оразғалиева «Мамский әңгіме» подкастына сұхбат беріп, екінші күйеуі Ильяспен не себепті ажырасқанын баяндап берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«2025 жылы ажырастық. Бұл менің екінші некем болатын. Ел не айтатыны маңызды емес десем де, социумның қысымы бар, ағайын-туыстың сөзі бар. Балаларды әкесіз қалдырғым келмегендіктен ертерек ажырасуға шешім қабылдай алмадым. Балалардың толық отбасында өскенін қаладым. Бірақ мен ажырасу туралы ойға әлдеқашан келгенмін. Басынан бастап бәрі дұрыс болған жоқ. Отбасын құрып бастағанымызда мен екеуміздің мүлдем екі түрлі екенімізді түсіндім. Бірақ мен қатты балалы болғым келді. Өкінбеймін. Керемет балаларым бар. Осылай болуы керек болған шығар. Арман-мақсат, жоспарлау, саяхаттау, ештеңеде ойымыз ортақ шықпайтын. Оның менімен бақытсыз екенін, өзімнің онымен бақытсыз екенімді түсіндім», - деді ол.