Непалдың Қытаймен шекаралас таулы Расува ауданында болған су тасқынынан қаза тапқандар саны 157 адамға жетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ал елдің Туризм министрлігінің мәліметінше, 403 турист, оның ішінде 340 шетелдік азамат хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Байланыс орнату мүмкін болмай отырған туристердің ең көбі — 134 адам Үндістан азаматтары.
Непалдағы табиғи апаттан кейін кемінде 53 украиналық және төрт ресейлік туристпен байланыс үзілгенін Украина мен Ресейдің Сыртқы істер министрліктері хабарлады.
«Бүгін таңертең табиғи апат болған аймақта 46 Украина азаматы кірген туристер тобымен байланыс үзілгені туралы СІМ-ге өтініш түсті. Жалпы, Непал туристік полициясының мәліметінше, қазіргі уақытта табиғи апат салдарынан 53 Украина азаматы хабар-ошарсыз кеткендер қатарында», — деп мәлімдеді Украинаның сыртқы саяси ведомствосы.
СІМ өкілдері әзірге украиналықтардың арасында қаза тапқандар немесе зардап шеккендер бар-жоғын білмейді.
Ресей министрлігінің хабарлауынша, апат аймағында болған кемінде төрт Ресей азаматының қазіргі уақытта қайда екені белгісіз. Тағы сегіз азамат қауіпті аумақта болған, алайда олар аман-есен басқа елді мекенге жеткен.