Қарағанды облысында суға батып бара жатқан төрт жасар баланы құтқарып қалған 13 жастағы Нұралы Әлхан тағы бір марапатқа ие болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің бұйрығымен жасөспірімге «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» ведомстволық медалі табысталды. Марапаттау рәсіміне Нұралы отбасымен бірге қатысты.
Қарағанды облысы ТЖД бастығы Марғұлан Аманбаев жасөспірімге батылдығы үшін алғыс айтып, оның әрекеті құрдастарына үлгі болуға лайық екенін атап өтті. Сонымен қатар департамент атынан оған естелік сыйлық берілді.
Оқиға биыл тамыз айында Семізбұғай көлінде болған. Демалыс кезінде қатты желдің әсерінен кішкентай бала отырған үрлемелі матрас аударылып, бүлдіршін суға құлаған.
Сол сәтте оқиға орнында болған Нұралы Әлхан еш саспастан көмекке ұмтылған. Ол баланы дер кезінде судан шығарып, қайғылы жағдайдың алдын алды.
Жасөспірімнің ерлігі туралы алғаш әлеуметтік желі қолданушылары хабарлаған. Кейін оның әрекеті көпшіліктің ықыласына бөленді.
Бұған дейін Нұралыны Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Негмет Исмағұлов қабылдап, батылдығы үшін алғыс білдірген еді. Сондай-ақ оған Ішкі істер министрлігінің нышаны бейнеленген қолсағат сыйға тартылған.