Белгілі журналист әрі тележүргізуші Анна Данченко анасының денсаулығына байланысты ауыр кезеңді бастан өткеріп жатқанын айтты. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында анасын жоғалтып алудан қорқатынын жеткізіп, көпшілікпен жан сырын бөлісті, деп turkystan.kz тілшісі Malim.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Журналистің сөзінше, ол әрдайым ата-анасының мақтанышы болуға тырысып, олардың өмірін жеңілдетуді армандаған. Анна Данченко балалық шағы махаббат пен қамқорлыққа толы болғанын, ата-анасы қиындық көрсе де, ешқашан шағымданбағанын еске алды.
"Мен өзімді мықтымын деп ойладым. Бәрін істей аламын деп сендім. Ата-анам менімен мақтануы үшін қолдан келгеннің бәрін жасадым", – деп жазды ол.
Тележүргізуші есейген соң ата-анасына қамқорлық көрсеткісі келгенімен, алдымен әкесінен айырылғанын айтты. Оның сөзінше, әкесінің өмірден өтуін әлі күнге дейін толық қабылдай алмай жүр.
Анна Данченко анасын өміріндегі ең жақын адамы әрі тірегі деп атады. Ол анасының батасынсыз үйден шықпайтынын, әр жетістігіне анасы ерекше қуанып отырғанын жазған. Қазір журналист анасының жанында болғанымен, оны құшақтап, бұрынғыдай сөйлесе алмай отырғанын жеткізді. Сондай-ақ анасының өзін естіп жатқан шығар деген үмітін де жасырмады.
"Сені осындай күйде көру өте ауыр. Жүрегіңнің шаршағанын түсіну қиын. Бірақ ол соғып тұр. Мен оны сеземін", – деді ол.
Журналист анасының өзіне қарағанын, бірақ таныған-танымағанын білмейтінін де айтты. Соған қарамастан, әр барған сайын оның қолын ұстап, жанында болуға тырысатынын жеткізді. Анна Данченко әкесінен айырылғаннан кейін өзін бір қанаты сынған құсқа теңеген. Енді анасының жағдайына байланысты екінші қанаты да сынғандай күй кешіп жүргенін жазды.
"Анашым, өтінемін, кетпеші. Сенсіз мен ұша алмаймын. Мен сені қатты жақсы көремін", – деп түйіндеді журналист.