«Кірпіш жеткізіп беремін»: Алаяқ елорда тұрғынын 1,3 млн теңгеге алдап кеткен

Бүгін, 16:51 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Елордада полицейлер азаматтың сеніміне кіріп, құрылыс материалдарын жеткізіп беремін деген сылтаумен ірі көлемде ақшаны заңсыз иемденген күдіктіні анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тергеу барысында белгілі болғандай, 44 жастағы елорда тұрғыны жәбірленушіге құрылысқа қажетті кірпішті қолжетімді бағамен және қысқа мерзімде жеткізіп беруге уәде еткен. Өзінің ұсынысына сендірген ол алдын ала төлем ретінде 1,3 млн теңгені жеке есепшотына аудартқан. Алайда ақшаны алғаннан кейін күдікті уәде еткен құрылыс материалдарын жеткізбеген. Біраз уақыт түрлі сылтау айтып, тапсырысты кейінге шегеріп жүрген. Кейін жәбірленушімен байланысын мүлдем үзген. Осылайша ол азаматтың сеніміне қиянат жасап, алаяқтық жолмен ірі көлемдегі ақшаны иемденген. Жәбірленуші полицияға арызданғаннан кейін жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталды. Ол өз кінәсін мойындады.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады. Құрылыс материалдарын немесе басқа да қымбат тауарларды сатып алу кезінде сатушының жеке басын, қызметінің заңдылығын және іскерлік беделін мұқият тексерген жөн.