Әлем бойынша iPhone 17 Pro смартфонының бағасында екі еседен астам айырмашылық бар. Deutsche Bank Research жүргізген зерттеуге сәйкес, 256 гигабайт жады бар модельдің ең қымбаты – Түркияда, ал ең арзаны Жапонияда сатылады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сарапшылар бірдей модельдің бағасын 41 нарық бойынша салыстырған. Түркияда iPhone 17 Pro құны 2592 долларға жетеді. Бұл АҚШ-тағы бағадан 1400 доллардан астам және Жапониядағы көрсеткіштен екі еседен де қымбат. Рейтингте екінші орында Бразилия тұр. Мұнда смартфон 2260 доллар тұрады. Үшінші орынға 1872 долларлық бағамен Мысыр жайғасқан. Одан кейін Венгрия – 1826 доллар және Норвегия – 1687 доллар.
Ең төмен баға Жапонияда тіркелді – 1121 доллар. АҚШ пен Оңтүстік Кореяда бұл модельдің салыстырмалы бағасы 1181 доллар болады. Гонконгта смартфон – 1200, Тайванда – 1264, Біріккен Араб Әмірліктерінде 1279 доллар тұрады.
Түркиядағы жоғары баға бірнеше салықтың қатар қолданылуымен түсіндіріледі. Смартфондарға қосылған құн салығынан бөлек, арнайы тұтыну салығы мен бірқатар міндетті алым салынады. Шетелден әкелінген құрылғыны пайдалану үшін оның IMEI нөмірін ақылы тіркеу қажет. 2026 жылы бұл төлемнің өзі шамамен 1 100 доллардан асады.
Еуропа елдерінің көпшілігі рейтингтің қымбат бөлігінен орын алған. Бұған дүкенде көрсетілетін бағаның құрамына қосылған құн салығының бірден енуі әсер етеді. Мәселен, Венгрияда ҚҚС мөлшерлемесі 27 пайыз болса, Швейцарияда – 8,1 пайыз. Соның арқасында Швейцария Еуропадағы ең арзан нарық саналады.
Жапониядағы салыстырмалы түрде төмен баға 10 пайыздық тұтыну салығымен, смартфон нарығындағы жоғары бәсекемен және Apple компаниясының аймақтық баға саясатымен байланысты. Жапон иенінің әлсіздігіне байланысты компания кейінгі уақытта кейбір құрылғылардың бағасын көтергенімен, ел рейтингтегі ең арзан нарық болып қалды.
Зерттеушілердің айтуынша, Apple әлем бойынша бірдей құрылғы сатқанына қарамастан, оның соңғы бағасын салықтар, импорт баждары, валюта бағамы, тасымал шығыны және жергілікті талаптар айқындайды. Сондықтан рейтинг валюталардың құбылуына және салық саясатының өзгеруіне қарай жылдам ауысуы мүмкін.
Қазақстан Deutsche Bank салыстырған 41 нарықтың қатарына енбеген. Дегенмен 2026 жылғы 26 тамыздағы дерек бойынша iPhone 17 Pro смартфонының 256 ГБ нұсқасы еліміздегі Apple компаниясының ресми серіктесі iSpace пен Technodom дүкенінде 836 990 теңгеге сатылып жатыр. Қазақстан Ұлттық банкінің 26 тамызға белгілеген бағамы бойынша бір доллар 458,48 теңге болды. Осы бағаммен есептегенде смартфонның Қазақстандағы бағасы – шамамен 1 826 доллар.
Егер Қазақстанды Deutsche Bank рейтингіне шартты түрде енгізсек, еліміз Түркиядан – 2592 доллар, Бразилиядан – 2260 доллар және Мысырдан – 1872 доллар кейінгі төртінші орынға шығар еді. Қазақстандағы баға Венгриядағы көрсеткішпен шамалас.
Осылайша, iPhone 17 Pro Қазақстанда АҚШ-пен салыстырғанда шамамен 645 долларға немесе 55 пайызға қымбат. Ал ең арзан нарық саналатын Жапониямен салыстырғанда айырмашылық 705 долларға, яғни 63 пайызға жетеді. Кейбір дүкендерде жеңілдікпен берілетін баға 789 990 теңгеге дейін төмендейді. Бұл – шамамен 1 723 доллар. Мұндай жағдайда Қазақстан рейтингте Венгрия мен Норвегияның арасындағы бесінші орынға жайғасар еді. Алайда бұл бөлшек сауда бағасына негізделген шартты есеп екенін ескеру қажет.
Қазақстанда iPhone 17 Pro смартфонын сатып алу үшін орта есеппен 40 күн жұмыс істеу қажет. Ал халықтың табысын дәлірек көрсететін медианалық жалақыны негізге алсақ, бұл мерзім 56 жұмыс күніне дейін ұлғаяды. Есептеу үшін 256 гигабайт жады бар iPhone 17 Pro моделінің Қазақстандағы тұрақты бағасы алынды. 2026 жылғы 26 тамызда Apple компаниясының ресми серіктесі iSpace пен бірқатар ірі дүкенде смартфон 836 990 теңгеге сатылып жатыр.
Ұлттық статистика бюросының соңғы мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың бірінші тоқсанында елдегі орташа айлық атаулы жалақы – 461 486 теңге. Бір айда 22 жұмыс күні бар деп есептегенде, қазақстандықтың бір күндік орташа табысы шамамен 20 977 теңге болады. Демек, жаңа iPhone құнын табу үшін 40 күн жұмыс істеу қажет.
Алайда орташа жалақы халықтың нақты табысын толық көрсете бермейді. Өйткені жоғары еңбекақы алатын азаматтардың кірісі жалпы көрсеткішті көтереді. Қазақстандағы медианалық жалақы 331 527 теңге: қызметкерлердің жартысы осы сомадан аз, қалған жартысы одан көп алады. Осы көрсеткішпен есептегенде iPhone 17 Pro бағасы 2,5 айлыққа тең, яғни оны алу үшін шамамен 56 жұмыс күні қажет.
Салалар арасында айырмашылық айтарлықтай. Қаржы және сақтандыру саласындағы орташа жалақымен смартфонға 18 күнде, ақпарат және байланыс саласында 21 күнде ақша табуға болады. Мемлекеттік басқару қызметкеріне шамамен 46 жұмыс күні қажет. Денсаулық сақтау саласының қызметкері жаңа iPhone үшін орта есеппен 55 күн, мұғалім 58 күн жұмыс істеуі керек. Ауыл шаруашылығында бұл көрсеткіш 62 күнге, өнер, ойын-сауық және демалыс саласында 63 күнге жуықтайды.
Ең төменгі жалақы алатын адам үшін жағдай мүлде өзгеше. 2026 жылы Қазақстандағы ең төменгі жалақы 85 мың теңге деңгейінде сақталды. Бұл табыспен iPhone 17 Pro құнын жинау үшін айлықты толық жұмсамай сақтағанның өзінде 217 жұмыс күні немесе шамамен 10 ай қажет.
Бұл есепте қызметкер жалақысын басқа қажеттілікке жұмсамай, толығымен смартфон алуға жинайды деген шарт қолданылды. Сондай-ақ салықтар, міндетті аударымдар, күнделікті шығындар мен несие төлемдері есепке алынған жоқ. Сондықтан іс жүзінде жаңа iPhone жинауға кететін уақыт бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.