Ғалымдар пластиктен жеуге жарамды печенье әзірледі

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: scraptraffic.com

АҚШ ғалымдары пластик пен өсімдік қалдықтарын ақуызға, майға және дәрумендерге айналдыратын технология әзірледі. Алынған қоспадан 3D-принтердің көмегімен µBites («микробайтс») деп аталатын печенье жасалған, деп хабарлайды turkystan.kz acs.digitellinc.com-ға сілтеме жасап.

Жобаны Оңтүстік Иллинойс университетінің зерттеушілері NASA-ның Deep Space Food Challenge бағдарламасы аясында қолға алған. Бастапқы мақсат – ұзақ ғарыш сапарларында қалдықтарды қайта өңдеп, сол жерде құнарлы тағам өндіру.

Печеньеге пластик сол күйінде қосылмайды. Алдымен сусын бөтелкелерін жасауға қолданылатын полиэтилентерефталат (PET), жүгері сабағы, жапырақтар мен басқа да өсімдік қалдықтары су мен оттегінің қатысуымен жоғары температура және қысым арқылы ұсақ молекулаларға дейін ыдыратылады. Одан кейін арнайы бағдарламаланған ашытқы алынған қосылыстарды өңдеп, олардан ақуыз, май, органикалық қышқылдар, дәрумендер мен дәм беретін заттар түзеді. Қоспаға әзірге кәдімгі крахмал, тағамдық талшық және тәттілендіргіш қосылады. Дайын масса 3D-принтерден өткізіліп, печенье пішініне келтіріледі.

Зерттеушілер өнімнің дәмі мен түсін жақсарту үшін бірнеше ашытқы түрін пайдаланған. Наубайханалық ашытқы өсімдік қалдығынан ванилин өндіреді. Ал басқа штамм PET пластигі ыдырағанда пайда болатын этиленгликольді бета-каротинге айналдырады. Адам ағзасы бета-каротиннен А дәруменін түзе алады.

Ғалымдар печеньенің қауіпсіз екенін көрсететін зертханалық деректер бар екенін айтады. Алайда оны әзірге ешкім жеп көрмеген: адамдардың қатысуымен дәм сынағын өткізу үшін университеттің ресми рұқсаты қажет. Қатысушылар әзірге өнімнің иісін ғана бағалап, оның кәдімгі ванильді печеньеге ұқсайтынын айтқан.

«Пластик те, тағам да көміртектен тұрады. Біз микроорганизмдердің қасиетін өзіміз тудырған мәселені шешуге пайдаланып отырмыз», – дейді жоба жетекшісі, микробиолог Лахиру Джаякоди.

Әзірге µBites дүкен сөресіне шығарылатын дайын өнім емес. Зерттеушілер болашақта оның құрамындағы крахмал, талшық пен тәттілендіргішті де микроорганизмдер арқылы өндіруді көздейді. Технология ғарыш кемелерінде ғана емес, сүңгуір қайықтарда, табиғи апат аймақтарында және азық-түлік жеткізу қиын өңірлерде қолданылуы мүмкін. Зерттеу нәтижелері Америка химиялық қоғамының күзгі конференциясында таныстырылды.