Алғашқы Құрылтай сайлауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды – Қасым-Жомарт Тоқаев

Бүгін, 14:03 / Дана Ізтілеуова

Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында жуырда өткен Құрылтай сайлауының маңызына тоқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Осыдан бірнеше күн бұрын алғашқы Құрылтай сайлауы өтті. Ал кеше оның нәтижелері шықты. Бұл өте маңызды саяси науқан, саяси іс-шара деп те айтуға болады, шын мәнінде, бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейде ұйымдастырылды.  Осы істе Орталық сайлау комиссиясы үлкен рөл атқарды. Сайлау үдерісіне дұрыс шешімдер, соның ішінде жасанды интеллект технологиясы енгізілуде. Мұндай әдіс-тәсілдер науқанның сапасын арттыра түсті.  Сондай-ақ сайлауға шетелдік байқаушылар тарапынан да қызығушылық жоғары болды. Халықаралық қауымдастық сайлау нәтижесін мойындады, оның ұлттық заңнамаға және барлық талаптарға сай өткенін атап өтті.   Мен бүгін Конституцияның 46-бабына сәйкес бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойдым. Алқалы жиын 28 тамыз күні болады. Оған дейін Құрылтайға өткен партиялар депутаттардың тізімін әзірлеуге тиіс», – дейді Президент.