Ұлттық ұланның офицерлер құрамы Түркия Республикасының Жандармерия және жағалау күзеті Академиясын тәмамдаған алты жас офицермен толықты. Оқу орнын сәтті аяқтаған олар елордадағы 5573 әскери бөліміне қызметке тағайындалып, шетелде алған білімдері мен кәсіби дағдыларын ел игілігіне пайдаланатын болады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Түлектердің қатарында Академияны үздік аяқтаған аға лейтенант Аслан Князбаев та бар. Салтанатты рәсімде оған үздік дипломды Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның өзі табыстады.
Түлектердің Қазақстанға оралуына байланысты Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында олармен кездесу өтті. Бас қолбасшының орынбасары генерал-майор Бекайдар Қазкеев офицерлерді оқуын сәтті аяқтауымен құттықтап, жас командирлерге қызметте табыс, табандылық пен шешім қабылдауда сенімділік тіледі.
5573 әскери бөлімінде тағылымдамадан өткеннен кейін жас офицерлер взвод командирлері қызметіне кіріседі. Оларға елорда тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау жүктеледі.
Қазақстандық әскери қызметкерлерді Түркияның әскери оқу орындарында даярлау екіжақты ынтымақтастық аясында жүзеге асырылады. 2014 жылдан бастап Ұлттық ұланның курсанттары Түркияның Құрлық әскерлері институтында, ал 2017 жылдан бері Жандармерия және жағалау күзеті Академиясында білім алуға мүмкіндіктері бар.
Ынтымақтастық жылдарында Түркияның әскери оқу орындарын Ұлттық ұланның 56 офицері тәмамдады. Олар оқу барысында алған білімдері мен практикалық тәжірибелерін қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде тиімді пайдаланып, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып келеді.