Үкімет Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі жоспарын бекітті

Бүгін, 09:00 / Інжу Әлихан
Үкімет

Президенттің «Ауқымды цифрландырудың және жасанды интеллект технологияларын жаппай ендірудің 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын бекіту туралы» Жарлығын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет Іс-қимыл жоспарын бекітті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Жоспар цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізудің үш негізгі бағытын қамтиды, олар - азаматтардың, бизнес пен экономиканың мүддесі үшін, сондай-ақ мемлекеттік аппаратта енгізу.

Жоспардың басымдықтарының бірі – білім берудің барлық деңгейінде ЖИ-ді жаппай енгізу. AI-SANA бағдарламасын кеңінен тарату шеңберінде 2029 жылға қарай мектептер, колледждер мен ЖОО түлектерінің кемінде 80%-ы ЖИ-дің базалық дағдыларын меңгеруі тиіс. Сонымен бір мезгілде студенттерді тереңдетіп оқыту және педагогтердің біліктілігін арттыру шаралары да кеңейтіледі. 2028 жылға қарай жоғары оқу орындары мен колледждердің кемінде 80%-ы білім беру процестеріне жасанды интеллект технологияларын енгізеді және экономиканың қажеттіліктеріне сәйкес бағдарламаларды жаңартады.

Денсаулық сақтау саласын цифрландыру деректерді басқарудың бірыңғай жүйесіне көшуге және бетпе-бет жүгінудің қажет етпейтін сервистерді кеңінен пайдалануға бағытталатын болады.  2029 жылға қарай медициналық self-service сервистерін пайдаланатын азаматтар санын едәуір ұлғайту, нақты уақыт режимінде деректер алмасу арқылы бірыңғай цифрлық контурға көбірек медициналық ұйымдарды біріктіру және клиникалық шешімдер қабылдау кезінде жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейту жоспарлануда.

Жоспардың жеке бағыты қалалық ортаның қауіпсіздігі мен жайлылығын арттырумен байланысты. Өңірлерде интеллектуалды мониторинг және талдау жүйелерін қоса алғанда, AI Native cities&regions шешімдерін енгізу жалғасады. Оларды қолдану оқиғаларға тезірек жауап беруге, қауіпсіздік қызметтері жұмысының тиімділігін арттыруға және басқару мен мониторингтің ЖИ-платформалары есебінен ірі қалалардағы көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызметтер және әлеуметтік қолдау саласында азаматтардың артық жүрісінің уақыты мен санын қысқартуға баса назар аударылды. Жоспар жасанды интеллектіні, белсенді қызметтерді, автоматты түрде қол қоюды және процестерді автоматтандыруды анағұрлым кеңінен қолдану мүмкіндіктерін қарастырады. 2029 жылға қарай мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну уақыты кем дегенде 50%-ға қысқаруы тиіс.

Бизнес пен экономиканың мүддесі үшін цифрлық трансформация энергетика, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, логистика және агроөнеркәсіптік кешен сияқты негізгі салаларды қамтиды. Жылу-энергетика кешенінде 2029 жылға қарай активтердің кемінде 70%-ы цифрлық мониторингке қосылады. Бұл олардың жай-күйін нақты уақыт режимінде бақылауға және сенімділікке төнетін тәуекелдерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар энергия ресурстарының қозғалысын бастан-аяқ цифрлық қадағалау жүйесі кеңейтіледі.

Құрылыста цифрлық тәсіл нысандардың жобалау кезеңінен бастап пайдалануға берілгенге дейінгі бүкіл өмірлік циклін қамтиды. 2029 жылға қарай техникалық күрделі жаңа нысандардың 100%-ын бірыңғай цифрлық контурда сүйемелдеу жоспарлануда.