Ер адам теңізден құны ондаған миллион теңгеге бағаланатын зат тауып алды

Бүгін, 22:02 / Жамбыл Жайлау
Awijaya13 / Shutterstock / Fotodom

Мальдив аралдарының тұрғыны теңізден аса сирек әрі қымбат бағаланатын зат тауып алды. Алдын ала болжам бойынша, ол парфюмерия өндірісінде жоғары бағаланатын амбра болуы мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға Унгоофаару аралының маңында болған. Ер адам шағын қайықпен теңізде жүзіп келе жатып, су бетінде қалқып жүрген белгісіз затты байқап қалған. Оны судан алып шыққанда салмағы шамамен 9 келі екені анықталған.

Қазір табылған заттың шынымен амбра екенін анықтау үшін ол Шри-Ланкаға сараптамаға жіберілген.

Амбра – кашалоттың ас қорыту жүйесінде түзілетін сирек кездесетін зат. Ол қымбат парфюмерия өндірісінде хош иістің ұзақ сақталуына көмектесетін табиғи шикізат ретінде қолданылады.

Сапалы амбраның бір келісі 40 мың долларға дейін бағалануы мүмкін. Бұл шамамен 18 миллион теңгеден асады.

Егер ер адам тапқан 9 келілік заттың амбра екені расталса, оның жалпы құны бірнеше жүз мың долларға жетуі ықтимал.

Бұған дейін де Мальдив аралдарында теңізден амбра тауып, қомақты қаржыға ие болған жағдайлар тіркелген.

Тэгтер:

Мальдив аралдары