Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласында Қазақстанның екі азаматы көз жұмды. Бұл ақпаратты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта жергілікті құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат әзірге жарияланбайды.
Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы марқұмдардың отбасыларына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Оның ішінде құжаттарды рәсімдеу және БАӘ-нің құзырлы органдарымен байланыс орнату мәселелері қамтылған.
«Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі БАӘ-нің Шарджа қаласында қаза тапқан азаматтарымыз А. Б. және Ж. Б-ның туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады. СІМ қаза тапқандардың отбасыларымен байланыста және өз құзыреті шеңберінде оларға қажетті көмек көрсетіп жатыр», – делінген министрлік хабарламасында.
Марқұмдардың туыстарының айтуынша, 2004 және 2006 жылы туған қыздар Шарджада жұмыс істеген. Олар тамыздың соңы немесе қыркүйектің басында Қазақстанға оралуды жоспарлаған. Алайда шамамен бір апта бұрын жақындарымен байланыс үзілген.
Кейін туыстары қыздардың денелері табылғанын хабарлаған. Сондай-ақ отбасы өкілдері олардың пышақ жарақатынан қаза болғанын және күдіктінің ұсталғанын айтқан. Күдіктінің Қазақстан азаматы болуы мүмкін екені де сөз болған.
Алайда бұл мәліметтерді, соның ішінде өлімнің нақты себебі, күдіктінің ұсталғаны және оның азаматтығы туралы ақпаратты ресми органдар әзірге растаған жоқ.
Әлеуметтік желіде марқұмдардың туыстары қыздардың денесін Қазақстанға жеткізу мәселесінде көмек сұраған.