Алматыда белгілі блогердің үйін тазалау кезінде қайғылы жайт бола жаздады

Бүгін, 20:04 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Алматыда блогер әрі әнші Дарья Александрова тұратын үйде қайғылы жағдай бола жаздады. Үйді тазалау кезінде салмағы шамамен 400 келі болатын жылжымалы есік клининг компаниясы қызметкерінің үстіне құлаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зардап шеккен адам дәрігерлерге жеткізілген. Алғашында сүйек сынуы мүмкін деген күдік болғанымен, кейін оған дененің соғылуы диагнозы қойылған.

Дарья Александрова оқиға туралы әлеуметтік желідегі парақшасында айтып, мұндай қауіптің үй ішінде болуы мүмкін екенін күтпегенін жеткізді.

"Бізде салмағы 400 келіге жуық жылжымалы есік құлап кетті. Үйімізде бізді таптап кете жаздайтын мұндай қауіп болады деп ойламаппыз. Егер бұл жағдай түнде, біз бен бір жасар қызымыз ұйықтап жатқанда болса, не боларын ойлаудың өзі қорқынышты", – деді ол.

Оқиғадан кейін үй иелері полиция шақырып, сондай-ақ терезе мен жылжымалы есіктерді орнатқан компания өкілдеріне хабарласқан.

Алғашында мамандар есіктің құлауына үйдің шөгуі себеп болуы мүмкін деп болжаған. Алайда тексеріс кезінде мұндай белгілер анықталмаған.

"Олар конструкцияны өлшеді, бірақ үйдің шөккені туралы ешқандай белгі таппады. Есесіне жыртылған алюминий импостты анықтады. Металл профильде үзілу пайда болған. Мұндай жағдай ешбір жағдайда болмауы тиіс", – деді Дарья Александрова.

Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр.

Тэгтер:

блогер Алматы