Жауын салдарынан Сарыөзек – Көктал автожолын лай көшкіні шайып кетті

Бүгін, 17:48 / Алуа Арман
ҚазАвтоЖол

24–25 тамызда Жетісу облысының Панфилов ауданында мол жауын-шашын түсті. Таулы жер бедерінің ерекшелігіне байланысты беткейлерден аққан су күшейіп, республикалық маңызы бар KZ19-01 «Сарыөзек – Көктал» автомобиль жолының жекелеген учаскелеріне су, лай және тас аралас ағындар түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жауын-шашын салдары жолдың бірнеше учаскесінде тіркелді. Лай-тас ағындары жолдың жүру бөлігін кесіп өтіп, кей жерлерде жол жиегі мен жер төсемін шайды, сондай-ақ қоршау элементтері зақымданды. Шағын көпірлер мен су өткізу құрылыстарының маңына лай мен тас жиналып, кейбір су бұру арықтары келген су көлемін толық өткізе алмады.

Қазіргі уақытта тау беткейлерінен су ағуы тоқтады. Жолдың жүру бөлігінде су тасу деректері жоқ, су деңгейі төмендеп, жағдай тұрақталды.

Жол қызметтері жауын-шашын салдарын жою жұмыстарына жедел кірісті. Қазіргі уақытта 11 жол маманы мен 7 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. ЖПБ-90 және ЖПБ-18 қызметкерлері жолдың жүру бөлігін, жол жиектерін, су бұру арықтарын, шағын көпірлер мен су өткізу құрылыстарын лай-тас шөгінділерінен тазартуда.

Сонымен қатар шайылған жер төсемі мен жол жиектерін нығайту, су бұру жүйесін қалпына келтіру және зақымданған қоршау элементтерін жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Мамандар жолды тексеруді жалғастырып, зақымдану көлемін және жекелеген учаскелерді толық қалпына келтіруге қажетті материалдардың мөлшерін нақтылауда. Автожолдың жағдайы жол қызметтерінің тұрақты бақылауында.

 

Тэгтер:

автожол Жауын Сарыөзек лай Көктал