Жүргізуші көлігінің капотынан 1,5 метрлік жылан тапқан

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: euronews.com

Францияның оңтүстігіндегі Коломье қаласында жүргізуші көлігінің капотынан ұзындығы 1,5 метр болатын боа-констрикторды тауып алды. Ер адам бір ай бойы пайдаланылмаған көлігінің аккумуляторын ауыстырмақ болған кезде жыланды байқап қалған, деп хабарлайды turkystan.kz еuronews.com-ға сілтеме жасап.

Оқиға орнына бес өрт сөндіруші жіберілді. Олардың екеуі жануарларға байланысты төтенше жағдайларға маманданған арнайы бөлімнің қызметкерлері болған. Құтқарушылар жыланды қозғалтқыш бөлігінен абайлап шығарып, арнайы шыны ыдысқа орналастырды.

Боа кейін Тулузадағы ұлттық ветеринария мектебіне жеткізілді. Құтқару қызметі жыланның иесін анықтау үшін оқиға туралы ақпаратты әлеуметтік желіде жариялағанымен, әзірге ешкім хабарласпаған.

Арада екі күн өткенде осы өңірдегі Монтескье-Вольвестр елді мекенінен тағы бір боа табылды. Ұзындығы шамамен бір метр болатын жылан террариумнан қашып кеткен. Құтқарушылар оны ұстап, иесіне қайтарды.

Боа-констрикторлар негізінен Орталық және Оңтүстік Америкада мекендейді. Олар улы емес, алайда тістеп жарақаттауы немесе жемтігін денесімен қысып қалуы мүмкін. Сондықтан мұндай жыланды кездестірген жағдайда оған жақындамай, құтқару қызметіне хабарлау керек.

Францияда экзотикалық жыландарды сатып алу, асырау және көбейту қатаң ережелермен реттеледі. Құтқарушылар мұндай жануарларды ұстайтын адамдарды қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.

Тэгтер:

көлік жылан