Аргентиналық футболшы Диего Марадона 1986 жылғы әлем чемпионатында Англия қақпасына әйгілі «Құдайдың қолы» голын соққан доп аукционда 3,35 миллион долларға, шамамен 2,9 миллион еуроға сатылды, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.
Adidas Azteca добын Техастағы Heritage Auctions сауда үйі аукционға шығарған. Ұйымдастырушылар тарихи жәдігер 10 миллион долларға дейін бағалануы мүмкін деп болжаған еді. Алайда түпкілікті баға күтілген соманың үштен біріне жуық болды.
Бұл доп 1986 жылғы әлем чемпионатының ширек финалындағы Аргентина мен Англия арасындағы матчта қолданылған. Кездесуде Марадона Англия қақпашысы Питер Шилтоннан жоғары секіріп, допты қолымен қақпаға бағыттаған. Төреші ереже бұзылғанын байқамай, голды есепке алды.
Арада төрт минут өткенде Марадона дәл осы доппен екінші голын соқты. Ол алаңның өзіне тиесілі бөлігінен бастап бірнеше қарсыласын алдап өтіп, допты қақпаға енгізді. Кейін бұл сәт ФИФА нұсқасы бойынша «Ғасыр голы» атанды. Аргентина ойында 2:1 есебімен жеңіп, кейін әлем чемпионы болды.
Доп ұзақ жылдар бойы сол матчқа төрелік еткен тунистік Али Бин Нассерде сақталған. 2022 жылы ол алғаш рет аукционға қойылып, 2,37 миллион доллар ұсынылды. Бірақ баға сатушы белгілеген ең төменгі шекке жетпегендіктен, доп сатылмады. 2023 жылғы екінші талпыныс та нәтижесіз аяқталған.
Жаңа сатылым бағасы Марадонаның сол ойында киген жейдесінің құнынан да едәуір төмен. Жейде 2022 жылы 9,3 миллион долларға сатылған болатын. Ал ең қымбат спорт добының рекорды 4,39 миллион долларға өткен бейсболшы Сёхэй Отанидің 50-ші хоум-ран добында қалып отыр.