Ғалымдар қартайған адамдардың есте сақтау қбілетін жақсартатын дәруменді атады

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

D дәруменін ішу ұйқысы бұзылған және есте сақтау қабілеті төмендей бастаған егде жастағы адамдардың когнитивтік көрсеткіштерін жақсартуы мүмкін. Эмори университеті ғалымдарының зерттеуі Sleep Medicine журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеуге ұйқысы бұзылған, жеңіл когнитивтік бұзылысы анықталған немесе соған күдік бар 50 жастан асқан 54 адам қатысқан. Қатысушылар D дәруменін қандай мөлшерде қабылдайтынын өздері хабарлаған.

Ғалымдар қатысушылардың жасы, жынысы, дене салмағының индексі және білім деңгейі секілді факторларды есепке алған. D дәруменінің төмен мөлшері когнитивтік көрсеткіштердің айтарлықтай жақсаруымен байланысты болмаған. D2 және D3 түрлерін қабылдағандар арасында елеулі айырмашылық байқалмады.

Дегенмен бұл шағын бақылаулық зерттеу саналады. Қатысушыларға дәрумен арнайы тағайындалмаған және олардың жағдайы емге дейін және кейін салыстырылмаған. Сондықтан D дәрумені есте сақтауды жақсартты немесе деменцияның алдын алады деп айтуға әлі ерте. Нәтижені растау үшін ауқымды рандомизацияланған зерттеулер қажет. Сонымен қатар зерттеуде көрсетілген 5 000 халықаралық бірлік ересектер үшін белгіленген тәуліктік жоғарғы шектен жоғары. АҚШ Ұлттық денсаулық институты дәрігер бақылауынсыз күніне 4 000 халықаралық бірліктен артық қабылдамауға кеңес береді. D дәруменінің шамадан тыс мөлшері қандағы кальцийді көбейтіп, бүйрекке және жүрекке зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан жоғары дозаны өз бетінше қабылдауға болмайды.

Зерттеу туралы ақпарат Эмори университетінің сайтында, ал ғылыми мақала Sleep Medicine журналында жарияланған.

Тэгтер:

дәрумен есте сақтау қабілеті