Батыс Қазақстанда сүйіктісін өлтірген келіншек 10 жылға сотталды

Бүгін, 14:21 / Алуа Арман
istockphoto.com

Батыс Қазақстан облысыныңТеректі ауданында әйел бірге тұратын ер адамды кеудесіне пышақ сұғып өлтірген. Ер адам оқиға орнында көз жұмды. Алқабилердің қатысуымен өткен сот отырысында айыпталушы әйел 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Сот анықтағандай, 2026 жылғы 3 қаңтарда сағат 18:00 шамасында әйел үйдің асүйінде кешкі ас дайындап отырған. Осы кезде оның бірге тұратын ер адамы үйге келген. Ол мас болған. Екеуінің арасында жанжал туындап, ер адам әйелдің мойнынан ұстап, тұншықтыра бастаған. Кейін ол әйелді босатып, қонақ бөлмеге өтіп, диванға жатқан және әйелді балағаттауын жалғастырған. Бұған жауап ретінде әйел асүйдегі үстелден пышақ алып, бөлмеге кіріп, диванда жатқан ер адамның сол жақ кеуде тұсына пышақ сұққан. Жүрегінің зақымдануы салдарынан ер адам оқиға орнында қайтыс болған. Осыдан кейін сотталушы әйел үйден қашып кеткен», – деп түсіндірді БҚО сотының баспасөз қызметі.

Сот процесі барысында прокурор әйелді 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленуші тарап та қатаң жаза тағайындауды талап етті.

Сотталушы әйел өз кінәсін мойындамай, адам өлтірмегенін мәлімдеді.

Алайда алқабилер мен сот әйелдің кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдермен, сондай-ақ бейнежазбалармен расталады деген қорытындыға келген.

«Соған қарамастан, алқабилер алқасы мен сот оның кінәсін іс материалдары мен бейнежазбалар арқылы дәлелденген деп таныды. Сот жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайларды анықтаған жоқ. Сот шешімімен әйел қасақана адам өлтіргені үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды», – деп толықтырды сот.

Үкім заңды күшіне енді.

Тэгтер:

Сот БҚО үкім