Павлодарда абаттандыру талаптарын бұзғандарға бақылау күшейтілді

Бүгін, 12:36 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында полиция қызметкерлері рұқсат етілмеген қоқыс орындарының пайда болуына бейім аумақтарды күн сайын тексеріп, анықталған құқық бұзушылықтардың жолын кесіп, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартуда, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жыл басынан бері полиция қызметкерлері абаттандыру саласында 5 мыңға жуық құқық бұзушылықты анықтады.

Олардың қатарында тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген жерге төгу, құрылыс материалдарын заңсыз жинақтау, жасыл желектер мен инфрақұрылым нысандарына зиян келтіру, сондай-ақ іргелес аумақтарды күтіп-ұстау талаптарын бұзу фактілері бар.

Полиция мұндай әрекеттер қоршаған ортаның тазалығына кері әсер етіп қана қоймай, елді мекендердің көркін бұзып, тұрғындарға қолайсыздық тудыратынын атап өтті.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, абаттандыру талаптарын сақтауға қатысты нөлдік төзімділік қалыптастыру – мемлекеттік органдармен қатар, қоғамның да ортақ міндеті.

Полиция тұрғындарды қоғамдық орындардың ластануы немесе құрылыс қалдықтарының белгіленбеген жерге төгілуі сияқты құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауға шақырады. Мұндай фактілерге куә болған жағдайда азаматтар «102» арнасына немесе «Police 102» мобильді қосымшасы арқылы хабарлай алады.

Құқық бұзушылық жасаған тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.