Шымкентте жол апатынан кейін адам ұрлап кеткен күдіктілердің соты басталды

Бүгін, 11:21 / Алуа Арман
видеодан скриншот

Шымкентте күрестен спорт шебері, 40 жастағы Василий Колесниковтің өліміне қатысты сот процесі басталды. Сот алдына алты айыпталушы келді, тағы екі күдікті іздеуде, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тергеу мәліметінше, қайғылы оқиға 20 қаңтарда жолдағы жанжалдан кейін болған. Шымкент көшелерінің бірінде екі көлік соқтығысқан. Осыдан кейін жүргізушілер көліктерінен түсіп, мәселені талқылауға кіріскен.

Оқиға орнына бір топ ер адам келген. Жанжалға қатысушылар арасында төбелес басталған. Болған жағдай видеоға түсіп қалған. Бір кезде Василий Колесниковті көлікке күштеп отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткен.

Қорғау тарапының пікірінше, бұл жол апатынан кейін кездейсоқ болған төбелес емес, алдын ала жоспарланған қылмыс болған. Ер адам жоғалып кеткеннен кейін оны бірнеше сағат бойы іздеген. Кейін Колесниковтің денесі Шымкент маңынан табылды. Тергеу мәліметінше, оның денесінен қатыгездікпен азаптау белгілері анықталған.

Сот алдында алты айыпталушы жауап беріп жатыр. Олар өздерінің бет-жүзін көрсетпеуді сұраған. Тағы екі күдікті іздеуде.

Мемлекеттік айыптаушы Мұхтар Арыстанов айыпталушылардың аса қатыгездікпен әрекет еткенін мәлімдеді.

«Аса қатыгездікпен әрекет етіп, Колесниковке бірнеше рет қатты доғал затпен, сондай-ақ кесетін қасиеті бар өткір затпен соққы жасаған. Денесіне келтірілген жарақаттардың оның өліміне әкелуі мүмкін екенін түсіне отырып және осындай салдардың болуын қалап, олар оны қасақана өмірінен айырған», – деді Арыстанов.

 

Тэгтер:

Шымкент Жол апаты Сот жанжал