Биыл электр және жылу желілерін жөндеуге 384 млрд теңге қарастырылған – министр

Бүгін, 11:16 / Інжу Әлихан
Үкімет

Қазақстанда энергетикалық кешенді алдағы жылыту маусымына дайындау жұмыстары жалғасуда. Биыл электр станцияларын, электр және жылу желілерін жөндеуге 384 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, генерация мен инфрақұрылымның негізгі нысандарын қамтиды. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

2026 жылы электр стансаларында 9 энергия блогын, 55 қазандықта және 51 турбинаны жөндеу жоспарланғаны атап өтілді. Қазіргі уақытта 3 энергия блогында, 33 қазандықта және 24 турбинада жөндеу жұмыстары әртүрлі кезеңдерде жүргізілуде.

Осы жылы жөндеу жұмыстарына 384 млрд теңге көзделген, бұл өткен жылдың деңгейінен 9% жоғары.

Сондай-ақ өңірлік электржелілік компаниялардың электр желілерінде жалпы ұзындығы 17,1 мың шақырым электр беру желілерін және 444 қосалқы стансаны жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда электр беру желілерінің 91% және қосалқы стансалардың 84% жөндеу аяқталды.

Жылумен жабдықтау желілерінде 377 шақырым жылу желілерін реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоcпарланған. Оның 246 шақырымы немесе 65%-ы аяқталды.

Министр сондай-ақ энергожүйе жұмысының сенімділігін арттырудағы оң динамиканы атап өтті. Осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша электр стансаларындағы технологиялық бұзушылықтар саны 5,6%-ға төмендеді.

Энергия көздерінің отын қоймаларында 4,2 млн тонна көмір жинақталды, сондай-ақ 137 мың тонна мазут қоры қалыптастырылды, бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға жоғары.

Министрлік қыркүйек айынан бастап көлемі 255 мың тонна құрайтын «әлеуметтік» мазут жеткізу кестесін бекітті.