Риддерде 13 жастағы қыз жылқыны байлап қойған арқанға шалынып қаза тапты

Бүгін, 11:16 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қайғылы оқиға 23 тамызда Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласындағы жеке секторда болған. 13 жастағы қыз спорттық эндуро мотоциклін теуіп келе жатқан. Артында 15 жастағы құрбысы отырған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім тұрғын үйдің жанындағы бағанаға байланып тұрған жылқының арқанына шалынған. Соққы салдарынан 13 жастағы қыз ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды. 15 жастағы қыз ауруханаға жеткізілді.

Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті жануардың иесі анықталып, полиция бөліміне жеткізілгенін хабарлады.

«Көлік құралын басқарған жасөспірім оқиға орнында қайтыс болды. 15 жастағы жолаушы медициналық мекемеге жатқызылды. Кәмелетке толмаған адамның абайсызда өліміне әкеп соққан факті бойынша Риддер қаласының полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады», – деп хабарлады ведомство.

Қазір тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу барысы ШҚО полиция департаменті бастығының бақылауында.

Полиция ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігін еске салды. Автомобиль жолдарының маңында мал жаюға және айдап өтуге тыйым салынады.

Ведомство сондай-ақ балалардың көлік құралдарын басқаруына жол берілмейтінін атап өтті.

Тэгтер:

Жылқы Жасөспірім Риддер қыз мотоцикл арқан