Қазақша етті 5 минутта әзірлеймін – Анар Бейсенқызы

Бүгін, 10:00 / Алуа Арман
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазір еліміздегі дүкендер сөресінен сублимирленген жеміс-жидектерді жиі көретін болдық. Кейінгі кезде бұл технологияның мүмкіндігі кеңейіп, ұлттық тағамдарды да сублимациялауға қолданыла бастады. Қазақша ет, қазы, шұбат, сүзбе, ірімшік секілді дәстүрлі өнімдер арнайы өңдеуден өтіп, ұзақ сақталатын әрі алып жүруге ыңғайлы тағамға айналды. Осы саланы алғашқылардың бірі болып қолға алып, Maliboo брендімен төл өнімдерін халыққа ұсынып жатқан жас кәсіпкердің бірі – Анар Бейсенқызы. Turkystan.kz сайтының тілшісі эксклюзив кәсіппен айналысып, ұлттық тағам өнімдерін жаңа формада ұсынып жүрген кәсіпкермен аз-кем сөйлескен болатын.

«Өзім осы Атырау облысы, Құлсары қаласында дүниеге келдім. Мектепті Құлсарыда бітіріп, Оралдағы Жәңгір хан атындағы  Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша білім алдым. 2017 жылы жоғары оқу орнын қызыл дипломмен аяқтап, Құлсарыға оралдым. Келген соң банкте жұмыс істеп жүріп, 2019 жылы тұрмысқа шықтым. Бала күтімімен үйде отырғанымда бір нәрсемен айналысқым келіп, көп нәрсені үйден жасап көрдім. Өзім бала кезімнен еңбекке ерте араласқанмын. Декретте де құр отыра алмадым. Бастапқыда тапсырыспен балалар киімін тігіп, торт пісіріп саттым. Ойыншық та саттым. 2022 жылы шоколадтқа матырылған құлпынай әзірлеп, сата бастадым. Сөйтіп, жеке кәсіп аштым. Осылайша біржола жеке кәсіпкерлікке бет бұрдым», – дейді ол.

Ұлттық тағамдарды да сублимат түрінде шығару идеясы осы құлпынайды сатудан кейін туындаса керек.

«Шоколадтқа матырылған құлпынай әзірлеп жүріп, тек онымен шектелмей, кепкен жеміс-жидектерден букеттер жасай бастадым. Бір жастағы баламды алып, Астанаға барып, фуд-флористиканы оқып келдім. Сол кездері құлпынайдың бетіне таңқурай сияқты сублимирленген түрлі жеміс-жидектерді салатынбыз. Сублимирленген өнімдерді сол кездерден білетінмін, Алматыдан тапсырыспен алдыратынбыз. Кейін «осыларды неге өзім жасап көрмеймін» деген ой келді. Бізде «Теңізшевройл» компаниясы қаржыландыратын «Таңдау» атты жоба бар. Кәсіп бастауға, дамытуға арналған жоба. Бизнес-жоспар жазып, сол жобаға қатысып, 5 млн теңге несие алып, азық-түлікті сублимациялайтын аппарат сатып алдым. Ол қайтарымды несие, кәсібіңді бастап алу үшін алты ай уақыт береді. Алты айдан кейін қайтара бастағанмын, әлі төлеп жатырмын», – дейді ол.

Осылайша жас ана сублимат жасайтын аппараттың қызығына кіріп кеткен.

«Аппаратқа салған өнімдер төмен температурада өңделетіндіктен құрамындағы минералдар мен пайдалы ингредиенттер де, түсі, дәмі, иісі де 95%-ға дейін сақталады. Қант пен консерванттар қосылмайды. Есесіне өнімнің салмағы бірнеше есе жеңілдейді. Қытырлақ болады, ұзақ уақыт жабық қаптамада сақтай бересіз. Осы артықшылықтары маған қатты ұнады. Аппаратты алғаннан кейін түрлі жеміс-жидекті сублиматтадым. Балмұздақты да сублиматтай бастадым. Аппараттың қызығына кіріп кеттім де, жаңа өнімдерге эксперимент жасап көре бердім. Сөйтіп командамызбен ақылдасып, манты мен қазақша етті сублиматтадық. Сублиматталған қазақша еттің жарамдылық мерзімі – 6 ай. Ыстық су құйса, пісіп шығады. Қазір жақсы өтіп жатыр, сұраныс жоғары. Өтінімнің бәріне жауап беріп үлгермей жатырмын. Сатып алушылардың пікірлері де жақсы. Көбінесе жолға шығып бара жатқан, шетелге кетіп бара жатқан кісілер сатып алады. Шетелде шетелде оқитын балаларына 10-20 данадан алып, жіберіп жатады. Түркия, АҚШ, Латвия елдерінен сұратып алып жатқандар көп. Қазақстанның басқа қалаларынан «Франшиза бересіз бе? Үйретесіз бе?» деп сұрап жатқандар да жетерлік», – дейді ол.

Қазір жас кәсіпкер қазақша ет ғана емес, ешкі сүтін, шұбат, қазы, сүзбе, ірімшік сынды ұлттық тағам түрлерін сублиматтап, сатылымға шығарып жүр. Сублиматтау тәсілі – ұлттық тағамдарды ұзақ сақтау үшін таптырмас құралға айналған.   

«Құлсарыда өзімнің студиям бар. Екі көмекшім бар. Сол студияда шоколадтқа матырылған құлпынайды, сублиматтарымызды, тапсырыспен пісіретін тәттілерімізді сатамыз. Тапсырыспен де жібереміз. Қазір Kaspi дүкенге де шығарып жатырмын. Болашақта осы студиямды кеңейткім келеді. Тағы да аппараттар алып, ұлттық брендті дамытып, экспортқа шығарғым келеді. Қазір өнімдерімді сараптамаға жіберіп, құжат жағын реттеп жатырмын», – дейді ол.

 

Тэгтер:

кәсіпкер ет Құлсары Ұлттық тағам Анар Бейсенқызы сублимат