Атырауда жоғалып кеткен зейнеткер қызметтік иттің көмегімен табылды

Бүгін, 09:01 / Інжу Әлихан
Polisia

23 тамыз күні сағат 23:50 шамасында 86 жастағы тұрғынның үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, хабарсыз кеткені туралы полицияға ақпарат түскен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іздеу жұмыстарына кинологтар Рахымжан Ерболат пен Еламан Утеулиев және қызметтік іздестіру иті Герда жұмылдырылды. Герда жоғалған азаматтың киімін иіскеп, іздеуді үйінің алдынан бастады. 

Қызметтік ит шамамен 2 шақырым жүріп өтіп, канал маңындағы қамыс арасынан ер адамды тапты. Азаматтың жағдайы жақсы. Ол полиция қызметкерлеріне жедел әрекеті мен көмегі үшін алғысын білдірді. 

 Герда — 2024 жылдан бері ішкі істер органдарында қызметте жүрген қызметтік іздестіру иті. Осы уақыт ішінде ол түрлі іздеу жұмыстарына қатысып, полиция қызметкерлерінің сенімді серігіне айналды.

 Қызметтік иттердің жұмысы – полиция қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі. Ал Герда секілді іздестіру иттері өз қызметімен адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтауға үлес қосып келеді.