Ұшақ бортында жолаушының ноутбугі өртеніп, бірнеше адам зардап шекті

Бүгін, 22:09 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

American Airlines әуекомпаниясының Атлантадан Далласқа бағыт алған рейсінде жолаушылардың біріне тиесілі ноутбук өртеніп, салон ішін түтін басқан. Оқиға салдарынан бірнеше адам жеңіл күйік алған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұшақ бортында 133 жолаушы мен экипаж мүшелері болған. Алдын ала мәлімет бойынша, лайнердің қонуына шамамен жарты сағат қалғанда жолаушылардың бірінің ноутбугі кенеттен түтіндеп, кейін өртене бастаған.

Құрылғы иесі жанып жатқан ноутбукті лақтырып жіберген. Осыдан кейін бірнеше жолаушы экипаж мүшелеріне өртті сөндіруге көмектескен.

Пилоттың диспетчерлермен сөйлескен аудиожазбасында өртті ауыздықтауға қатысқан төрт-бес адамның қолы күйгені айтылады.

Жолсеріктер тілсіз жауды шамамен бес минуттың ішінде сөндірген. Кейін зақымданған ноутбук арнайы отқа төзімді қапқа салынған.

Оқиғаға қарамастан, экипаж бағытын өзгертпей, Далласқа ұшуды жалғастырды.

Ұшақ әуежайға қонған кезде оны төтенше жағдай қызметтері мен дәрігерлер күтіп алған. Жолаушылардың біріне медициналық көмек көрсетілген.

АҚШ-тың Федералдық авиация басқармасы оқиғаға байланысты тергеу бастады.

American Airlines компаниясы 2398 рейсінің Даллас-Форт-Уэрт әуежайына қауіпсіз қонғанын мәлімдеп, құрылғыны жедел оқшаулаған экипаж мүшелерінің кәсіби әрекетіне алғыс білдірді.

Тэгтер:

Ұшақ ноутбук