Павлодарда ер адам баласымен ыстық суға құлап, күйік алды

Бүгін, 16:48 / Інжу Әлихан
Скриншот

Павлодардағы Дюсенов көшесінде ер адам 4 жастағы баласымен тротуармен келе жатқан кезде, аяқ астындағы жер опырылып кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Instagram желісіндегі пабликтердің бірінде оқиға орнынан түсірілген кадрлар жарияланды. Видеоны зардап шеккен ер адамның әпкесі түсіріп, жариялаған. Автордың айтуынша, оқиға Дюсенов көшесі, 10-үйдің маңында болған.

«Менің ағам 4 жастағы баласымен жай ғана тротуармен келе жатқан. Бір сәтте аяқ астындағы жер опырылып, ол қайнаған судың ішіне түсіп кеткен. Бұл ашық люк емес. Құрылыс жүріп жатқан жер де емес. Апатты аймақ та емес. Күн сайын адамдар жүріп өтетін кәдімгі жол. Соның салдарынан тізеден жоғары жері екінші дәрежелі күйік алған. Енді басты сұрақ – бұған кім жауап береді?» – деп жазған автор.

Павлодар тұрғыны оқиға бойынша тексеру жүргізіп, жауапты тұлғаларды анықтап, жауапкершілікке тартуды талап еткен.

Өз кезегінде Павлодар жылу желілерінің өкілдері аталған аумақта жылу желілерінде ақау болғанын хабарлады. Оқиға орнына мамандар жіберілген. Аталған жағдайға байланысты тиісті шаралар қабылданады.