Жұмыс уақытының жиі әрі алдын ала ескертусіз өзгеруі ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына кері әсер етуі мүмкін. АҚШ ғалымдары тұрақсыз кестемен жұмыс істейтін қызметкерлердің ажырасу немесе серігінен бөлек кету ықтималдығы жоғары екенін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz psypost.org-ке сілтеме жасап.
Зерттеуге АҚШ-тағы сауда және қоғамдық тамақтану салаларында сағаттық еңбекақы алатын 6 918 қызметкер қатысқан. 2019-2024 жылдары жиналған деректерді талдаған ғалымдар олардың отбасылық жағдайын орта есеппен тоғыз айдан кейін қайта тексерген.
Жұмыс кестесінің тұрақсыздығы бес жағдай бойынша бағаланды: кезекшілікке күтпеген жерден шақыру, ауысымның тоқтатылуы, жұмыс уақытының соңғы сәтте өзгеруі, кестенің екі аптадан аз уақыт бұрын берілуі және түнде нысанды жауып, келесі күні таңертең қайта ашуға келу. Мұндай ауысым ағылшын тілінде «clopening» деп аталады. Жұмыс кестесі тұрақты болған некелі қызметкерлердің 94 пайызы кейінгі сауалнама кезінде де жұбымен бірге тұрған. Ал тұрақсыздықтың төрт немесе бес түріне тап болғандар арасында бұл көрсеткіш 82 пайызға дейін төмендеген. Айырмашылық 12 пайыздық тармақты құрады.
Үйленген ер адамдар үшін тұрақсыз жұмыс кестесімен байланыс айқынырақ байқалған. Ең қолайсыз кестемен жұмыс істеген ерлердің некесін сақтап қалу ықтималдығы тұрақты кестесі бар ерлермен салыстырғанда 12 пайыздық тармаққа төмен болған. Әйелдер арасында айырмашылық 4 пайыздық тармақ болды. Ал ресми некелеспей бірге тұратын жұптарда ерлер мен әйелдер арасындағы алшақтық айтарлықтай байқалмаған.
Ғалымдардың пікірінше, жұмыс уақытын алдын ала білмеу жұптардың бала күтімін, үй шаруасын және ортақ демалысты жоспарлауына кедергі келтіреді. Жұмыстан туындайтын күйзеліс те адамның серігіне көңіл бөлуі мен эмоционалдық қолдау көрсетуін қиындатуы ықтимал.
Дегенмен зерттеу тұрақсыз кесте айырылысуға тікелей себеп болады дегенді дәлелдемейді. Деректер әр жұптың бір мүшесінен ғана алынған, қарым-қатынастың қанша уақытқа созылғаны есепке алынбаған. Сондай-ақ зерттеу тек АҚШ-тағы сауда және тамақтану саласының қызметкерлерін қамтыды. Зерттеу нәтижелері Journal of Marriage and Family журналында жарияланды.