"Жаңа" интернеттің 30 пайызы ЖИ-мен жазылған – зерттеу

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

ChatGPT пайда болғаннан кейін жарияланған ағылшын тіліндегі веб-беттердің үштен бірінен астамы жасанды интеллект көмегімен жазылған немесе елеулі түрде өңделген болуы мүмкін. Мұндай қорытындыға Pew Research Center мамандары интернеттегі 490 мыңға жуық парақшаны зерттегеннен кейін келген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеушілер 2021 жылғы қаңтар мен 2026 жылғы шілде аралығындағы материалдарды Common Crawl интернет мұрағатынан жинаған. Мәтіндердің авторын анықтау үшін сөз қолданысы мен сөйлем құрылымындағы статистикалық ерекшеліктерді талдайтын Open Pangram құралы пайдаланылды.

2026 жылғы шілдеде кездейсоқ іріктелген барлық веб-беттердің 10 пайызынан ЖИ көмегімен жазылғанын аңғартатын белгілер табылған. Бұл көрсеткішке интернетте бұрыннан тұрған ескі материалдар да кіреді. Ал тек 2022 жылғы қарашада ChatGPT жарыққа шыққаннан кейін жарияланған беттер есепке алынғанда, ЖИ ізі үштен бірінен астам материалдан байқалған.

Мұндай мәтіндер коммерциялық сайттарда жиі кездеседі. 2026 жылғы дерек бойынша, .com доменіндегі әрбір оныншы бетте ЖИ белгілері бар. .org сайттарында бұл көрсеткіш 4,6 пайыз болса, білім беру және мемлекеттік мекемелердің .edu және .gov домендерінде шамамен 1 пайызды құрайды.

Ғалымдар ЖИ мәтінінің өзіне тән тілдік ерекшеліктерін де анықтаған. 2023 жылмен салыстырғанда ұзын сызықшаны қолдану шамамен екі есе, ал Oxford үтірін пайдалану 63 пайызға артқан. «Маңызды», «шешуші», «атап көрсету», «тереңірек үңілу» мағынасындағы ағылшын сөздерінің қолданысы екі еседен астам көбейген. «Бұл жай ғана X емес, бұл — Y» үлгісіндегі қарама-қарсы құрылымдар үш есеге жуық жиілеген.

Дегенмен зерттеушілер бір ғана сөзге немесе тыныс белгісіне қарап мәтінді жасанды интеллект жазды деп кесіп айтуға болмайтынын ескертеді. Адамдар да мұндай тәсілдерді қолданады, ал ЖИ-ді анықтайтын жүйелер кейде қателесуі мүмкін. Сондықтан зерттеу нәтижесі жекелеген мәтіндердің авторын дәлелдеуге емес, интернеттегі жалпы өзгерісті көрсетуге арналған. Pew Research Center зерттеуі.

Тэгтер:

ЖИ