Сайлау бақылаушылары Жоғарғы Сот өкілдерімен кездесті

Бүгін, 09:02 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Жоғарғы сот

Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Түкиев ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды бақылау жөніндегі халықаралық миссиясының басшысы Винсент Пикетпен, ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары Игорь Петришенкомен және ТМД бақылаушылар миссиясы штабының басшылығымен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кездесуге Жоғарғы сот органының судьялары Нұрлан Құрманғалиев пен Нұрия Сисенова, сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігі Еуропа Департаментінің екінші хатшысы Айбек Есей қатысты.

Аслан Түкиев кездесуде «Сайлау туралы» Заңның ережелеріне, сайлау заңнамасын бұзумен байланысты азаматтардың арыздары мен шағымдарын қарау тәртібіне, дауыс беру күні соттардың жұмыс істеу тәртібіне және сайлау заңнамасын бұзумен байланысты істердің соттылығына жан-жақты тоқталды.

Ол сондай-ақ соттарға келіп түсетін сайлау заңнамасын бұзу туралы арыздар қысқа мерзімде қаралатынын, ал олардың кейбіреулері – дереу қаралатынын атап өтті.

Оның айтуынша, бұл судьяларға алдағы сайлау кезеңінде осындай арыздарды қарау кезінде ерекше жауапкершілікпен жұмыс істеуді талап етеді.

Байқаушылар сайлау науқаны кезіндегі сот жүйесінің маңызды рөлін атап өтіп, соттардың азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысын түсіндіргені үшін алғыс айтты.

Сындарлы тәжірибе мен пікір алмасу болды. Өздерін қызықтырған сұрақтарға толық жауап алғаннан кейін қонақтар өткен кездесулердің қорытындыларына ризашылықтарын білдірді.