«Байтақ» жасылдар партиясының өңірлік филиалдарының өкілдері Exit poll нәтижелері бойынша жарияланған Құрылтай сайлауының алдын ала қорытындыларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Батыс Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарындағы партия филиалдарының өкілдері азаматтардың таңдауын құрметтейтінін және сайлаудың алдын ала нәтижелерін мойындайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар олар exit poll нәтижелеріне талдау жасап, партия ішіндегі жұмыс тәсілдерін жаңарту қажеттігін атап өтті.
«Байтақ» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Тұрсынбек Байтемиров Facebook-тегі парақшасында жариялаған бейнеүндеуінде сайлаушылардың таңдауына құрметпен қарайтынын және жарияланған алдын ала көрсеткіштерді қабылдайтынын айтты.
«Алдағы уақытта бүгінгі нәтижені ескере отырып, өз ұстанымымыз бен бағдарламамызды жүзеге асыруды жалғастырамыз. Қоршаған ортаны қорғау, таза су мен таза жер мәселелері бойынша нақты шешімдерге қол жеткізуге күш саламыз. Жұмысымызды жетілдіріп, келесі сайлауға дайындаламыз», – дейді Байтемиров.