«Қазақстан жаңа кезеңге қадам басты» - Respublica партиясының төрағасы сайлаудан кейін мәлімдеме жасады

Бүгін, 01:34 / Дана Ізтілеуова
Видеодан скриншот

Respublica партиясының көшбасшысы Айдарбек Ходжаназаров алғашқы Құрылтай сайлауын Қазақстанның саяси өміріндегі тарихи оқиға деп бағалады. Оның айтуынша, бұл – ел дамуының жаңа кезеңіне бастайтын маңызды қадам, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Біз және біздің жақтастарымыз Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастап берген саяси реформаларды толық қолдаймыз. Respublica партиясы үнемі осы тарихи оқиғалардың, ауқымды бастамалардың бел ортасында жүр.

Бүгін міне, күллі халқымызбен бірге болашаққа нық қадам жасап отырмыз. Осы айтулы күнімен, сайлаудың сәтті өтуімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!", – дейді 

Партия көшбасшысы сайлауға қатысып, өз таңдауын жасаған барлық азаматқа алғыс айтып, Respublica партиясына дауыс берген сайлаушыларға ерекше ризашылығын білдірді. Сонымен қатар басқа саяси партияларға қолдау көрсеткен азаматтардың таңдауына құрметпен қарайтынын атап өтті. Оның айтуынша, елдік істе әр азаматтың дауысы маңызды.

"Сайлауалды кезеңде Respublica командасы еліміздің барлық өңірін аралап, халықпен кездесті. Елдің мәселесін, ұсынысын, болашаққа деген ойын тыңдадық. Осы кездесулерден біз халқымыздың өзгеріске, жаңаруға және дамуға деген үлкен сұранысын көрдік.

Respublica партиясы бүгін сайлау ашық, әділ және заң талаптары сай өтті деп есептейді. Дауыс беру аяқталып, жаңа ғана exit poll-дың алғашқы нәтижелерін естідіңіздер. Бұл – біз күткен нәтиже.

Қазақстан азаматтары белсенділік танытып, өз таңдауын жасап, конституциялық құқығын жүзеге асырды. Біз бүгін жай ғана сайлауға қатысып отырған жоқпыз. Еліміздің саяси тарихындағы жаңа кезеңнің куәсі болып, сол тарихты Президентімізбен, халқымызбен бірге жазып жатырмыз.

Алда ресми қорытынды бар. Халық қандай таңдау жасаса да, біз оған құрметпен қараймыз. Ал Respublica үшін елге қызмет ету, халықтың сөзін сөйлеп,  нақты өзгерістерге жұмыс істеу жалғаса береді.

Тағы да қайталап өткім келеді. Бұл –  тәуелсіздік шежіресіндегі алғашқы Құрылтай сайлауы. Сондықтан бұл сайлаудың тарихи мәні зор, жөні де бөлек.

Бірлігіміз бекем, мақсатымыз айқын болсын!Еліміздің болашағын бірге құрайық!", – дейді ол.