Шавкат Мирзиёев Тоқаевқа Құрылтай депутаттары сайлауының сәтті өтуіне байланысты құттықтау хат жолдады

23 тамыз, 2026 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Ақорда

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, халықаралық стандарттар мен демократиялық қағидаттарға сай өткен Құрылтай депутаттары сайлауының сәтті өтуімен шын жүректен құттықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өзбекстан басшысы бұл тарихи оқиға Қазақстанның саяси жүйесін жетілдірудің, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың және Парламенттің рөлін едәуір күшейтудің жаңа кезеңі басталғанын білдіретінін атап өтті.

«Сайлауға азаматтардың белсенді қатысуы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан және Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, оның халықаралық аренадағы беделі мен ықпалын одан әрі арттыруға бағытталған терең конституциялық және қоғамдық-саяси реформаларды халықтың кеңінен қолдайтынын айқын көрсетті», - делінген хабарламада.

Өзбекстан Президенті бауырлас қазақ халқымен ғасырлар бойы қалыптасқан достық пен тату көршілік байланыстар арқылы тығыз қарым-қатынастағы Қазақстанда бүгінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістердің жоғары нәтижелеріне Өзбекстан тарапы шын жүректен қуанышты екенін атап өтті.

Сондай-ақ Өзбекстан мен Қазақстан парламенттері арасындағы тығыз ынтымақтастық екі достас елдің стратегиялық әріптестігі мен одақтастық қатынастары рухында жаңа сапалы деңгейге көтерілетініне сенім білдірілді.

Сөз соңында Президент Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор денсаулық, амандық және мемлекеттік қызметіне үлкен табыс, ал бауырлас Қазақстан халқына бейбітшілік пен өркендеу тіледі.