ІІМ: Қазақстанда Құрылтай сайлауы кезінде қоғамдық тәртіп бұзылған жоқ

Бүгін, 21:41 / Нұрлан Әлинұр
Фото: polisia.kz

Құрылтай депутаттарын сайлау күні Қазақстанның барлық өңірінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, елдегі 10 мыңнан астам сайлау учаскесінің ешқайсысында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактісі тіркелмеген.

Он мыңнан астам сайлау учаскесінің бірде-бірінде қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактілеріне жол берілген жоқ. Қазіргі уақытта учаскелерде дауыстарды санау жалғасып жатыр. Дауыс беру аяқталғанымен, ішкі істер органдарының жұмысы жалғасып жатыр, — деді Шыңғыс Алекешев.

ІІМ өкілі сайлау құжаттарын сайлау комиссияларына қауіпсіз жеткізу қамтамасыз етілетінін атап өтті. Полиция сайлауға қатысты барлық іс-шара толық аяқталғанға дейін күшейтілген режимде жұмысын жалғастырады.

Ведомство сайлау барысындағы жағдайды бақылауда ұстап отыр.