Жалпыұлттық онлайн-марафон аясында сарапшылардың, қоғам қайраткерлерінің және түрлі салалардағы кәсіби мамандардың қатысуымен мазмұнды бағдарламалар легі жалғасуда. Эфирде сайлау процесі туралы жедел ақпараттар мен бірге қоғамдық өмірдің өзекті мәселелері, мемлекеттік дамуы және халықаралық күн тәртібі талқылануда, деп хабарлайды turkystan.kz.
Марафон алаңында Орталық коммуникациялар қызметінің кезекті брифингтері өтті. Халықаралық сарапшылар, Оңтүстік-Шығыс Норвегия университетінің профессоры, экономика және халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Гленн Холе мен М. Бойм атындағы Азия және жаһандық зерттеулер институты кеңесінің мүшесі, Орталық Азия бойынша сарапшысы Ежи Олэдзкий бүгінгі сайлауға қатысты кәсіби пікірлерін білдірді.
Онлайн-марафонда шетелде жүрген Қазақстан азаматтарының дауыс беру барысы туралы толымды ақпараттар ұсынылды.Тікелей қосылым кезінде Түркиядағы сайлау учаскелеріне келген қазақстандық сайлаушылардың басым бөлігі білім алып жүрген жастар екені айтылды.
Шара аясында «Қазақстан футболының жаңа дәуірі» иақырыбы кеңінен талқыланды. Қатысушылар отандық футболдың дамуын, жаңа есімдерді, қазақстандық ойыншылардың халықаралық аренадағы беделін, жаңа стадиондар мен спорт нысандарының ашылуы мәселелерін талқылады. Ұлттық футболдың тұрақты жанкүйерлер көбейді деген тұжырым жасалды.
Марафонның интерактивті Touch Screen алаңында статистикалық көрсеткіштер мен халықаралық рейтингтер ұсынылды. Global Relocation Index рейтингіне сәйкес, Қазақстан 62,9 балл жинап, 192 елдің ішінде 77-орынға ие болды және Орталық Азиядағы қоныс аударуға ең қолайлы ел ретінде танылды. Сонымен қатар білім беру және ғылым салаларындағы көрсеткіштер таныстырылды. Соңғы жеті жылда білім беру гранттарының саны 1,5 есеге, шәкіртақы көлемі 2 есеге артса, ғылымды қаржыландыру 6 есеге – 2019 жылғы 42,3 млрд теңгеден 2026 жылы 252,5 млрд теңгеге дейін өсті. Ғалымдардың жалақысы екі есеге артты, 760 жас ғалым баспанамен қамтамасыз етілді.
Алматыдағы SKY-студияда «Әлеуметтік желідегі этика» тақырыбы талқыланды. Саясаттанушы Мақсат Жақау цифрлық ортадағы заманауи сын-қатерлерге тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан халқының 96%-ы әлеуметтік желілерді тұрақты пайдаланып, ақпаратты осы платформалар арқылы алады.
«Әлеуметтік желідегі еркіндік жауапкершілікті жоққа шығармайды», – деді саясаттанушы.
Ол әлеуметтік желілерде адамның құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтеп, өзара құрмет қағидаттарын сақтау қажеттігін атап өтті.
Тағы бір пікірталас алаңы Халықаралық волонтерлер жылына арналды. ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов волонтерліктің Конституцияда бекітілуі Қазақстанның бірегей тәжірибесі екенін атап өтті. Қазіргі уақытта министрлік волонтерлерді қолдау шараларын, оның ішінде сақтандыру тетіктерін әзірлеуде.
«Сондай-ақ волонтерлік қызмет барысында жинақталған тәжірибені жұмысқа орналасу кезінде еңбек өтілі ретінде есептеу мәселесі бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл әсіресе студенттер үшін пайдалы болады», – деді Евгений Кочетов.
«Адал азамат» тақырыбындағы ток-шоу жауапты тұтыну мен жеке қаржыға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне арналды. Бағдарлама барысында ысырапшылдықтан арылу, ұтымды тұтыну және қаржылық әрі әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Онлайн-марафон алаңында Steppe and World Publishing баспасының негізін қалаушы Раиса Қадыр оқу мен білімнің интеллектуалды қоғам қалыптастырудағы рөлі туралы пікір білдірді. Әңгімеде оқитын және білімді ұлтты қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Эфирде Орталық сайлау комиссиясының кезекті брифингі өтіп, сайлау процесінің барысы туралы ресми ақпарат ұсынылды. ОСК мәліметіне сәйкес, сағат 18:00-дегі жағдай бойынша елде 9 095 298 сайлаушы дауыс берді. Бұл сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтардың 72,15%-ын құрайды. Ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысында – 90,17%, Жетісу облысында – 89,69% және Қызылорда облысында – 88,09% тіркелді. Астанада сайлаушылардың 49,87%-ы, Алматыда – 41,06%-ы, Шымкентте – 71,89%-ы дауыс берді.
Сағат 20:00-де еліміз бойынша барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталды.
Марафон бағдарламасы сайлау процесі мен халықаралық күн тәртібінен бастап, спортты дамыту, волонтерлік қозғалыс, цифрлық мәдениет, білім беру және қоғам өмірінің басқа да өзекті мәселелерін қамтиды. Эфирге сарапшылар, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері және түрлі кәсіби қауымдастықтардың мүшелері қатысуда.
Жалпыұлттық онлайн-марафон сағат 00:30-ға дейін жалғасады. Трансляция барысында ресми брифингтер, тікелей қосылымдар, пікірталастар, сұхбаттар, арнайы репортаждар және басқа да форматтар ұсынылады.