Ақтөбелік жігіт сайлау учаскесінің алдында сүйіктісіне сөз салды

Бүгін, 19:37 / Інжу Әлихан
Ақтөбе облысының өңірлік коммуникациялар қызметі

Ақтөбедегі №29 сайлау учаскесінде дауыс беруге келген жас жігіт сүйіктісіне күтпеген ұсыныс жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сайлау учаскесінде жас жігіт қолындағы гүл шоғын бойжеткеге ұсынып, өмірлік жар еткісі келетінін айтты.

— Бұл мен үшін күтпеген әрі өте әсерлі сәт болды. Дауыс беріп шыққанда мұндай тосынсый күтпеп едім. Сүйіктімнің сезімін осылай ерекше түрде білдіргені жүрегіме қатты әсер етті. Әрине, жауабым – “иә», – деді бойжеткен.

Ал жігіт бұл маңызды қадамды дәл осы күнге бекер жоспарламағанын айтты.

— Бүгін екеуіміз азаматтық таңдауымызды жасадық. Осы күн мен үшін тағы бір маңызды таңдауымен есте қалсын дедім. Өмірлік серігімді таңдауда ешқашан күмәнім болған емес. Сондықтан бұл сәтті екеуіміз үшін де ерекше еткім келді, – деді ол.