Бүгін өтіп жатқан саяси науқанда дауыс берушілер қатарында ерекше образдағы азаматтар да көзге түсіп жатыр. Орал қаласындағы сайлау учаскелерінің біріне әлемге танымал «Кальмар ойыны» сериалы кейіпкерінің костюмін киген тұрғын келіп, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қызыл түсті комбинезон мен бетперде киген ерекше сайлаушы дауыс беру учаскесіне жиналған көпшіліктің назарын бірден аударды. Ол барлық заңды рәсімдерден өтіп, бюллетенін жәшікке тастаған соң, учаске қызметкерлерімен және өзге де азаматтармен естелік фотоға түсті.
Бұл қадам әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, маңызды саяси оқиғаға креативті көзқарас ретінде жоғары бағаланып жатыр.
Құрылтай сайлауына ерекше образбен келуінің мәнісін сұрағандарға ол: «“Кальмар ойынындағыдай”, бұл жерде де таңдау бар. Бірақ мұнда жеңімпаз болу үшін емес, өз азаматтық ұстанымыңды білдіру үшін келесің. Сондықтан бүгінгі таңдау - әрқайсымыз үшін маңызды», - деді ол күлімсіреп.